Қатаң шектеу шараларын қандайда бір өңір немесе репсублика «қызыл» аймақта болған жағдайда енгіземіз. «Қызыл» аймақтың өзін біз екі кезеңге бөлдік. Бірінші кезеңде маска тағуды міндеттейміз. Қазір республика негізінен «жасыл» аймақта тұрғандықтан, маска тағуды ұсынып қана отырмыз. Пандемия екі жылдан астам уақыттан бері жалғасып келеді. Халық жақсы біледі. Қазір біз адам көп шоғырланатын орындардың бәрінде өз денсаулығыңыз үшін маска тағуды ұсынып отырмыз. Сіз тұратын өңірде науқастар көбейген болса, маска тағыңыз, — деді Ажар Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Министр әзірге вирустың таралуы байқалса да, бизнеске шектеу қойылмай отырғанын еске салды.
Байқасаңыздар, біз бизнеске ешқандай шектеу шараларын қабылдап жатқан жоқпыз. Денсаулық сақтау министрлігі алдын алу шараларын сақтауға кеңес береді. Бұл өзіңізді де, халықты да ауру жұқтырудан сақтайды. Қазір ауру біршама жеңіл өтіп жатқаны белгілі. Науқастардың 94% амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Біз тек ұсыным ғана беріп отырмыз. Бірақ халықтың денсаулығына қатер төнсе немесе ауыр жағдайлар көбейіп, өлім-жітім жиілеп кетсе, қабылдайтын шараларды қайта қараймыз, — деді ведомство басшысы.