Айта кетейік, егер оқырман 18 жастан асқан болса, бұған дейін жарияланған «Ақшаны қалай тез жинауға болады» деген материалды оқуға кеңес береміз.
Ақша жинау тәсілі
Өз-өзіңізді артық шығын шығарудан тыйсаңыз, қалаған затыңызды сатып ала алатындығыңызды есіңізге жиі алыңыз. Жыл соңында сізге планшет, велосипед немесе смартфон сатып алу мүмкіндігі туады. Ал ақшаны көп немесе аз жинағаныңыз сіздің үнемшілдігіңізге байланысты болатындығын ескеріңіз.
Қалай табыс табуға болады?
Егер табысты тек үлкендер таба алады десеңіз, қателесесіз. Мектеп оқушысы да отбасына кіріс кіргізе алады. Қалай? Төмендегі кеңестерді кәдеңізге жаратып көріңіз:
- Жарнама қағаздарын, флаерлерді тарату. Жұмыс өте қарапайым. Оны кез келген мектептің ортаңғы буын оқушысы, яки ересектер де атқара алады. Ірілі, ұсақты қалаларда бұл қызмет әрдайым сұранысқа ие. Ол ешқандай біліктілікті талап етпейді.
- Ақпарат қағаздарын, хабарландыруларды ілу. Көптеген компаниялар өз хабарландыруларын ілуге жәрдемесетін жұмыс сұраушыларды іздейді. Әртүрлі ақпарат көздерінен дәл осындай сұраныстарды іздеп көріңіз. Сабақтан тыс уақытта сіз өз қажетіңізге жарайтындай табыс таба аласыз.
- Бала қарау. Кішкентай баланы ойнатып, оған қарайтындарды іздеушілер көл-көсір. Себебі балабақша мәселесі біздің мемлекетте әлі толықтай шешілмеген. Сол себепті бұл қызмет түрі де сұранысқа ие. Егер сіздің таныстарыңыз (мысалы, ата-анаңыздың достары, көршіңіз т.б.) сізге баласын сеніп тапсыра алатындай болса, олармен келісіп көріңіз. Ақшалай болмаса да, сіздің қыстық киіміңізді немесе планшет алып беруін сұрасаңыз болады. Барлығы келісімге байланысты.
ҚР Еңбек Кодексінің 68-бабында көрсетілгендей, 14 жастан 16 жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 24 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты көзделуі керек. Сонымен қатар, еңбек заңында азаматты жұмысқа қабылдауға болатын ең төменгі жас 16 жас болып белгіленген. Жасы 15-ке толған адамдар орта білім алған немесе жалпы білім беретін оқу орнын тастап кеткен жағдайда жеке еңбек шартын ата-анасының немесе қорғаншы-қамқоршысының келісімімен ғана жасаса алады. 14-ке толған оқушыларды оқудан қолы бос уақытта атқаратын жұмысқа ата-анасының біреуінің (қорғаншы-қамкоршысының) келісімімен ғана алуға рұксат етіледі. Соңғыларының келісімі жазбаша түрде (өтініш) беріледі.
Интернеттегі шетсіз-шексіз мүмкіндіктер. Егер сізде интернет және жазу, сызуға аздаған қабілет болса, қазірден табыс табуға мүмкіндік мол. SMM-мамандар, дизайнерлерді іздейтін жұмыс берушілер өте көп. Тіпті әлеуметтік желілерде өзіңіздің парақшаңызды кәсіби түрде, белгілі бір тақырып аясында жүргізер болсаңыз, табыс табудың екінші көзі ашылды деп ойласаңыз болады. Сізге жазылушылар саны 10 мыңға жеткеннен кейін, парақшаңызға кез келген ұйымның, өнімнің жарнамасын жариялауыңызға болады.
Егер сіздің бойыңызда қандай да бір қабілет, дарын болса, оны табыс көзіне айналдыра біліңіз. Кез келген адамда өзіндік артықшылық бар, тіпті кемшіліктердің де пайдасы мол екенін ескеріңіз.
Мектептің үздік оқушысы болсаңыз немесе қандай да бір пәннен жақсы білсеңіз, репетиторлықпен айналысу өте тиімді. Бұл сондай-ақ сіздің жастайыңыздан адамдармен жұмыс істеу қабілетін арттырады.
Егер сіз екі тілді жақсы меңгерсеңіз, тағы бір «қаруым» бар деп есептей беріңіз. Қазақ, орыс, ағылшын тілінен аудармашыларды іздеушілер өте көп. Тұрақты қызметке тұрмасаңыз да, әр қызметіңізге ақы алып тұрсаңыз болады.
Қолөнер. Қазіргі уақытта қолдан жасалған бұйымдар жоғары бағаланады. Егер сіздің қолөнерге икеміңіз болса, мұны да шағын кәсіпке айналдыруға болады. Әлеуметтік желілерде, соның ішінде Youtube желісінде сіздің шеберлігіңізді шыңдауға арналған видеосабақтар саны шексіз. Мүмкіндікті пайдалана біліңіз.
Қарап тұрсаңыз, мектеп оқушысына қалай ақша табуға болады деген сұраққа жауапты сәл ғана фантазияңызды қосу арқылы оңай табуға болады. Ол үшін тек өз қабілетіңізді аша білсеңіз жеткілікті.