Әйгерім Жәрдемқызы
Досқалиева Әйгерім Жәрдемқызы, "Жүректен жүрекке" қайырымдылық қоры қоғамдық бірлестігінің жетекшісі

«Жүректен жүрекке» қалай құрылды?

Басында жеке кәсіпкер болғанмын. Өзімнің полиграфиялық орталығым болды. Жұмыста отырсам, Мақсот деген досым келді. Маған: «Айко, менде бір ой бар: достарымызбен жиналып, жетімдер үйіне көмектескіміз келеді, соған сен де қосыл»,-деді. Қатты қуандым. Себебі, біз, қазақтар, жетімін жылатпаған елміз ғой. Жетім десе, денеміз тітіркеніп кетеді, шыны керек. Сырт киімімді алдым да, «Кеттік» деп, кеңсемнен шығып кеттім. Сөйтсем, Мақсот маған тек барайын деп жатқан идеясын айтуға келген екен. Ал, мен болсам оны дәл сол уақытта жетімдер үйіне барғалы жатыр деп ұғып қалыппын. Оны Мақсот кейін мойындады: «Мен сізге тек идеямды айтып едім, сіз киіміңізді алып, атып шыққанда жетімдер үйіне қалай жеткенімді білмей қалдым»,-дейді.

Жүректен жүрекке қоғамдық қоры
Жүректен жүрекке қоғамдық қорының логотипі

Содан жетімдер үйіне барып, басшысымен қандай көмек көрсете алатынымызды ақылдастық. Ол кісі балаларға жазғы киім алуға қаражат жоқтығын айтты. Бұл оқу жылының аяқталайын деп қалған кезі болатын. «Жарайды, мақұл» деп, достарымызбен бірігіп, ақша жинап, қолөнер бұйымдарын жасауға, сурет салуға қажетті құралдарды алдық. Сөйтіп, балаларға үнемі барып тұратын болдық. Сонымен бір жарым ай өтті. Ол кезде мен жеке кәсібімді тастап, Атыраудағы «Тамаша» деген сауда орталығына жұмысқа кірдім. Себебі, қайырымдылықпен айналыса бастағанда өмірім түбегейлі өзгерді. Сол орталықтың жастары – «Жүректен жүреккенің» ең алғашқы мүшелері. Себебі, Мақсот та, Серікбай деген досымыз да осы топты құруға ат салысты. Олар осы сауда орталығында сатушы болып жұмыс істейтін. Мен соларға жақын болуды қаладым. Үнемі сол істің айналасында жүргім келді. Солай жеке кәсібімді жаптым. Бәріміз жұмыстан түнгі 11-де шығамыз, ақырында балалар жасаған бұйымдардан үлкен жәрмеңке жасап, 200 мыңның үстінде ақша таптық. Атырауда шетелдік компаниялар жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне шетелде демалуға жолдамалар беріп тұрады. Соларға киімдерін алып, әуежайдан шығарып тастадық. Бұдан кейін істі жауып тастай алмадық, себебі қимадық. Бір жарым ай бойы бірге жүргеннен кейін топ мүшелері де бір-бірімізге бауыр басып қалғанбыз. Оның үстіне барлығы аяқталғаннан кейін маған Серікбай деген досымыз келді де: «Айко, менің бір идеям бар. «Жүректен жүрекке» деген топ құрайық»,- деді. Сол кезде мен, Мақсот, Серікбай және менің Таңшолпан деген құрбым — төртеуіміз бірге жүреміз. Сөйтті де Серікбай 12 беттік дәптерін алып, ішіне «Айко, Мақсот, Серікбай, Таңшолпан…» деп жаза бастады. Сосын төртеуіміздің астына қасымызда жүрген жастарды жазды. «Төртеуіміз жарысып жұмыс жасаймыз»,-деді. Мен жүрексіндім, себебі қайырымдылық — салмақты, жауапты іс. Кейін Мақсот пен Серікбай бірге келіп: «Айко, осындай-осындай нәрсе, сіздің топпен бірге болғаныңызды қалаймыз. Басшылыққа алыңыз»-деді. Содан жұмысымыз басталып кетті. Сөйтіп, 2013 жылы «Жүректен жүрекке» еріктілер бірлестігі құрылды.

Еріктілер қалай жиналды?

Ақырындап жұмысымыз жүре бастады. Вконтакте әлеуметтік желісінде көбірек жұмыс істей бастадық. Себебі атыраулық жастардың барлығы сол желіде отырады. Бертін келе ғой инстаграмға көше бастағаны. Сол әлеуметтік желіде SMM-мен дұрыстап айналыстық. Басқа да ірі парақшалардың әкімшілерімен байланыс жасап, ақпаратты таратуға көмек сұрадық. Жасаған жұмыстарымыздың суреттерін салып, есебін жазғаннан кейін көп адам ерікті болғысы келіп, хабарласа бастады. Еріктілерді солай жинадық.

Жүректен жүреккенің еріктілері
Жүректен жүреккенің еріктілері

Қазір еріктілердің саны мыңға жуық. Сондықтан олардың әрқайсысына басшы тағайындап бірнеше топтарға бөліп тастадық. Бір шара өткізу керек болғанда «Абылайдың тобы» немесе «Қанаттың тобы жауапты болады» деген сияқты істі бөліп береміз. Ірі шараларда барлығымыз бірге жүреміз. Концертті ұйымдастыру, қаражат жинау, демеуші іздеу менің мойнымда. Себебі, еріктілердің жасы 15-тен басталады. Мысалы, қазіргі ерікті болып жүрген белсенді, жанып тұрған балалар – сол 16-17 жастағы қыздар мен жігіттер.

Қалай жұмыс істейді?

Біз көмекке зәру адамдарды іздеген жоқпыз, көбіне адамдар өздері хабарласады. Кейде әлеуметтік желілілерден түрлі суреттер мен көмекке зәру екендігін жазған ақпараттарды көзіміз шалып қалса, өзіміз хабарласып, жағдайымен танысып, көмектесіп жатамыз.

Жүректен жүрекке қайырымдылық қоры
«Жүректен жүрекке» еріктілері шар сатып, қаражат жинап жүр

Еріктілеріміз сауда орталықтарынан рұқсат алып, қайырымдылық жәрмеңкелерін жасайды. Сол жерде түрлі шарлар сатады. Ақшаны солай жинаймыз. Ол үлкен іс, шынымен. Себебі, халықтың алдына шығып, баланың еміне ақша жинап жатқанымызды айқайлап тұрып айтып, шарикті өткізу – оңай емес.

Айтпақшы, 2015 жылдың 25 ақпанынан бастап, бірлестігімізді ресми түрде Атырау қаласында тіркедік. Сондықтан бізде бәрі заңды.

3 жыл ішінде…

Өткен жолы есептесек, 2013 жылдан бастап, 3 жылдың ішінде 550-ге жуық шара ұйымдастырып, қайырымдылыққа 25 миллион теңге жұмсаппыз. Азық-түлік таратылып жатқан адамдардың саны өте көп, оны нақты айта алмаймын. Себебі бізде аз қамтылған отбасыларға міндетті түрде азық-түлік тарататын акция бар. Одан бөлек киім де таратамыз.

Жүректен жүрекке қайырымдылық қоры
«Жүректен жүрекке» қайырымдылық қоры ұйымдастырған «Күлкі — дәрумен» қайырымдылық акциясы. Еріктілер сауықтыру орталығында жатқан балалардың көңілін көтеріп қайтты.

Енді ақшалай келетін болсақ, 100 шақты балаға ота жасатуға қажетті қаражат жинауға көмектестік. Өзім алдында таң қалғанмын. Қараша айының өзінде аяқ астынан ауырып қалған досымызға 300 мың теңге; Санк-Петербургкқа көзін емдетуге бара жатқан сәбиге 220 мың теңге; Грецияға емдік курсқа барғалы жатқан апайға 510 мың теңге жинап бердік.

Жүректен жүрекке қайырымдылық қоры
«Мені құшақта» қайырымдылық акциясы
Жүректен жүрекке қайырымдылық қоры Менің батырым - донор
«Менің батырым — донор» шарасы
Жүректен жүрекке қайырымдылық қоры
«Менің батырым — донор» шарасы

«Жыл сайын есеп береміз»

Сосын әр жыл сайын желтоқсан айында қайырымдылық концертін ұйымдастырып, жасаған істерімізге есеп береміз. Ешкім бізге «Есеп бер» деп айтпайды ғой, бірақ та біз істеп жатқан ісімізді көрсету арқылы қайырымдылықты насихаттап, оның таза ниетпен адал атқарылып жатқанын көрсеткіміз келеді. Себебі, бізге көмектескен адамдар көп. Шарик сатып алса да, жәрмеңкеге қатысса да бізге берген ақшасының шынымен қайырымдылыққа жұмсалғанын көруі керек.

Жүректен жүрекке қайырымдылық қоры
«Жүректен жүрекке» қайырымдылық қоры

Ол үшін 3-4 ай бұрын ақша жинай бастаймыз. Кейде кәсіпкер ағалар көмектесіп жібереді. Әрқалай енді. Көбіне өзіміз жинап, концертке келетін әншілердің ұшаққа билеттерін алып береміз. Мысалы, соңғы концертте бізге Ғалымжан Молданазардың тобы келген болатын. Енді ол алты адамнан тұратын топ болғаннан кейін, шыны керек, олардың бәріне билет алуға қаражат жинау қиын болды. Сондықтан концертке кіруге арналған билеттер сатылғаннан кейін содан түскен 270 мың теңгені қосып, Молданазардың тобына билет алдық. Басқа уақыттарда барлық шығынды өзіміз 5-10 мың теңгеден шығарып, көтере салатынбыз.

Ғалымжан Молданазар
Ғалымжан Молданазардың «Мейірімді бол» концерті

«Тұрақты демеушіміз жоқ»

…Бізде негізі мүлдем демеуші жоқ. Тек осы соңғы уақытта Мұса Хайруллиев деген ағамыз біраз іске көмектесіп жүр. 20 желтоқсанда біз аз қамтылған отбасынан шыққан 100 балаға мерекелік шырша ұйымдастырғанбыз. Сол кезде аға бізді өзіне шақырып, 220 мың теңге көлемінде ақша берді. Оған балаларға сыйлық алдық. Сосын «КаспийМұнайГаз» деген компания алдында құрбан айтта тегін тамақ таратуға 100 мың теңге берген, осы жолы да «Шыршаға жаратарсыздар» деп, 100 мың теңге берді. Жақсы болды, әйтеуір. Біріне сыйлық, біріне шырша алдық, безендірдік. Осы екі адамды айта аламын. Басқа жүз мыңдап, екі жүз мыңдап ақша беретін ешкім жоқ.

Осы күнге дейін біздің халықтың алдында, замандастарымыздың, достарымыздың арасында сыйлы болып жүргеніміз – біреуден алақан жайып «Ақша бересіз бе?» деп емес, мүмкіндігімізше қолымыздан келетін істерді атқарып, одан түскен қаражатты қайырымдылыққа аударып отыруымыз, жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, қайырымдылық жасауға шақырып отырғанымыз деп ойлаймын.

Ең ірі шара

Осы уақытқа дейін ұйымдастырған ең ірі шарамыз ретінде 100 балаға шырша жасағанымыз атай аламын. Себебі, біз осынша баланы қамтитындай шараны бірінші рет өткіздік. Бұл бір. Екіншіден, 3 желтоқсанда Ғалымжан Молданазардың «Мейірімді бол» атты концертін өткізіп, одан түскен 1 млн 381 мың 600 теңгені қайырымдылыққа аудардық. Оның 800 мың теңгесі мен жәрмеңкеден түскен 300 мың теңгені қосып, 1 млн 100 мың теңгені сал ауруына шалдыққан алты жасар Амангүл есімді бүлдіршінге бердік. Ол қазір Мәскеу қаласында емдік шаралардан өтіп жатыр. Одан бөлек,
151 мың 100 теңгені  Ресей елінде көзіне ота жасауға барғалы жатқан Атырау қаласының кішкене тұрғыны 8 айлық Аяулымның еміне жұмсадық.

Әмина Жәрдемқызы деген кім?

Мен Атырау қаласында 1990 жылы 21 маусымда дүниеге келгенмін. Жасым 26-да. Екі бауырым бар. Аллаға шүкір, ата-анам жанымда. Өзім №5 қалалық орта мектепте білім алғанмын. 2006 жылы мектеп бітіріп, Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінде, Орал қаласындағы Еуразия академиясында ақпараттық жүйелер мамандығын оқыдым. 2014 жылы қайтадан Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық институтына құжат тапсырып, құқық мамандығы бойынша білім бітірдім.

Өзімнің жеке кәсібім — полиграфиялық орталығым болғанын айттым, кейін оны жауып «Жүректен жүреккемен» айналысып кеттім.

Әйгерім Жәрдемқызы
«Мүмкіндігі шектеулі жан дегенге келіспеймін. Керісінше сол мүмкіндігі шектеулі деп отырғаның он екі мүшесі сау адамнан да бетер істер атқарып жатыр, олардың мүмкіндіктерін бір мүшесінің жетіспегені үшін, Құдай үшін, шектемеңдерші, — дейді Тұрсын апам. Мен апаммен келісемін. Былтыр Қалқаман Сарин, Нартай Сауданбекұлы ағам бар, Атыраудан Асқар Төребайұлы ағам бар «Жүректен жүрекке» рухани мықтылар клубын ашқан болатынбыз. Суреттегі Мейіргүл əпкем. Сол клубтың жетекшісі. Мүмкіндігі шектеулі емес, керісінше мүмкіндігі шектеусіз».
Әйгерім Жәрдемқызының парақшасынан.

«Бұл іске мені не итермелейді?»

Бір рет қайырымдылықпен айналысқан адам екінші, үшінші және төртінше рет…солай жалғастырып кете береді. Себебі, көмекке зәру адамның алғысын алудан асқан бақыт жоқ дер едім. Олардың көзіндегі мұңның бір сәтке сейіліп, жүзіне қуаныш жүгіргенін көру де – бақыт.

«Жүректен жүреккенің» жетістіктері

  • «2015 жылы жылдың ең үздік еріктілері» номинациясы (2015 жыл);
  • «Қоғам жанашыры» номинациясы (Атырау облыстық патриоттар форумы, 2015 жыл);
  • Қазақстан Халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың алғыс хаты (2015 жыл);
  • Елбасының «Қайырымдылыққа қосқан үлесі үшін» Алғыс хаты (2015 жыл);
  • «Қазақстандағы волонтердік қозғалысқа қосқан үлесі үшін» номинациясы (Репуликалық «Таным» марапаты, 2016 жыл).

Әмина Жәрдемқызының жетістіктері:

  • Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының қайырымдылығы үшін «Сауап» медалі (2015 жыл);
  • «Жыл үздігі – 2016»
Әйгерім Жәрдемқызы Жыл үздігі - 2016
Әйгерім Жәрдемқызының «Жыл үздігі — 2016» марапатын алған сәті

Қалай байланысуға болады?

Қазіргі таңда «Жүректен жүрекке» бірлестігінің Атыраудан бөлек Орал, Өскемен, Ақтау, Ақтөбе сынды республиканың 14 өңірінде де еріктілері бар. Егер сізге қандай да бір көмек қажет болса немесе қайырымдылық шараларына демеуші болғыңыз келсе, Вконтакте әлеуметтік желісінде «Жүректен жүрекке» бірлестігінің парақшасы бар. Соның әкімшісі Самал Муфтаховамен хабарласып, тікелей байланысуға болады.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт