Бүгінде заң Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Егер құжат заңды күшіне енетін болса, ол еліміздегі бұқаралық спортты дамытуға тың серпін береді. Сондай-ақ, өңірлерге қаржы спорттық жетістіктеріне қарай берілуі мүмкін. Бұл туралы министрліктің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл заң – еліміздегі бұқаралық және өңірлердегі спортты дамытуға бағытталған алғашқы заң.
«Құжат бұқаралық спортты дамытуға серпін береді деген үміттемін. Әр облыстың ерекшелігіне байланысты жергілікті атқарушы билік, Мәдениет және спорт министрлігі және депутаттар, қоғам қайраткелері, спортшылар арқылы осы мәселені саралайтын боламыз. Яғни, әр өңірде жақсы дамып жатқан спорт түрлерін жеке қарастырамыз. Бұл жеңіл атлетика немесе басқа да спорт түрлері болуы мүмкін. Мысалы, ОҚО-да ескек есу бар. Универсиада кезінде фристайлдан Алдабергенова, Арапбаева, Карпек, Бағланов есімді спортшылар жақсы өнер көрсетті. Олар оңтүстік өңірден. Яғни, өңірдің спорттан нақты жетістіктері болса, сала дамып жатса, ол спорт түрін саралау тізіміне қосамыз», — деп түйіндеді сөзін министр.