Тоқаевтан сөгіс алған министрлер сынға қатысты пікір білдірді

Иә, сұрақ өте әділ қойылды. Айтылған сын өте дұрыс. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біздің алдымызға нақты міндеттер, жұмысымыздың тиімділігін арттыру міндеті қойылды. Біз ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге іс-шаралар әзірледік, — деді Бақыт Сұлтанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол жүргізіліп жатқан жұмыс туралы министрлік жұртшылыққа және президентке баяндайтынын атап өтті.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те президенттің сыны әділ екенін айтты.

Біз жұмысымызда олқылық кеткенін білеміз. Өз баяндамамда мен қантқа байланысты субъективті және объективті факторлар болғанын көрсеттім. Біз қазір жағдайды түзету және жұмыс тиімділігін арттыру бойынша қажетті шараларды қолға алып жатырмыз, — деді Ербол Қарашөкеев.

Еске салсақ, 14 шілдеде үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар министрдің жұмысына көңілі толмайтынын айтты.