Басты бетЖаңалықтарБҚО-да тұңғыш...

БҚО-да тұңғыш рет «Нарынқұм Жаңақала — 2022» жүгіру марафоны өтті

Марафонды аудан әкімдігі, «Uralsk Runners» спорт клубы, «Power Qazaqstan» ЖШС жеке қоры, «Ассамблея жастары» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысындағы өкілдігі, «Janaqalarunners» әуесқой жүгірушілер тобы бірлесіп ұйымдастырды.

Шараның ресми серіктестері – «Жайықмоторс» және «Тассай Уральск» компаниялары болды. Аталмыш марафонның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жүгіруді бұқаралық және қолжетімді спорт түрі ретінде насихаттау, тұрғындарды, балаларды, жасөспірімдер мен жастарды дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуға тарту, ауданаралық, республикалық спорттық байланыстарды және спорттық туризмді дамыту.

Ауданның Мәстексай ауылдық округі аумағындағы құмдағы құт мекен Мұқыр ауылында оздырыған жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева қатысушылар мен қонақтарға қош келдіңіз айтып, сәттілік тіледі. Одан әрі «Uralsk Runners» және «Power Qazaqstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеке қорының өкілі Руслан Мұхамбетқалиев және жарысқа қатысушы Галина Баглаева (Ақтау қаласы), Айбек Хамзаев (Ақтөбе қаласы), Райымбек Зайдогалиев (Шымкент қаласы), Булат Давлетьяров пен Нұрғали Халиев (Атырау қаласы), Нұрсбек Сексенбай (Алматы қаласы) құттықтау тілегін жолдады.

Өнерпаздар өнерлерін көрсеткеннен кейін, марафонға сақадай сай келген 150-ге тарта спортшылар жүгіруді бастап кетті. Олардың басым бөлігі Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Алматы қалаларынан келді және онлайн түрде Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Карағанды, Алматы, Екібастұз, Ақтау, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Семей, Петропавл, Павлодар, Ақсай, Шахтинск, Риддер, Санкт-Петербург, Теміртау қалаларынан бақ сынады. Жарыс 98 пайыз құм, 2 пайыз қара жолда 8 шақырым және 16 шақырым қашықтықта өткізілді.

Марафон қорытындысында 8 шақырым қашықтықта ерлер арасынан бәйтеректік Жарас Айтуаров бірінші болып келді. Дәл осы қашықтықта әйелдер арасынан тағы бір бәйтеректік Ләззат Өтепбергенова жеңімпаз атанды. 16 шақырымда ерлерден алматылық Нұрысбек Сексембай топ жарса, әйелдерден оралдық Нұргүл Орынбасар чемпион атанды.