Бул туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры Альбина Борамбайқызы айтты.
Қоғамда мүгедектігі бар адамдар өзінің мүгедек екенін дәлелдей алмай жатады. Құжат тапсырып, тексерістен өту жұмыстары мүгедектер үшін ұзақ уақытты алады. Альбина Борамбайқызы енді бұл жұмыстар оңтайлы шешімін тапқанын атап өтті.
Былтырдан бастап Еңбек министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп пилоттық жобаны бастады. Оны жәй тілмей сырттай куәләндіру деп айтады. Бұрында адамдар мүгедектікті алу үшін бірінші емханасынасы барып ем-дом шараларының барлығынан өткеннен кейін құжаттарын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әр өңірдегі аумақтық департаменттеріндегі әлеуметтік сараптамаларға барып тексертетін. Ал, қазіргі таңда президенттің тапсырмасымен бұл жүйені проактивті түрде жүзеге асыруды бастадық. Бұл дегеніміз, бір емханадан толық тексеруден өткеннен кейін, сол жерде толтырылған құжат бірден Еңбек министрлігінің жүйесіне түседі. Сонымен қатар, құжат онлайн форматта автоматты түрде үш жақтағы, яғни басқа өңірлердегі сараптамалық комиссияларға жіберіледі. Үш өңірдегі сарапшы құжаттарды тексере отырып мүгедектік тобын белгілейді, — деді Альбина Борамбайқызы.
Осылайша жүргізілген жұмыс процесі арқылы адамдардың құжат тапсырудағы артық жүрісі азайғанын атап өтті.
Биылғы жылы жүйе бойынша 25 мыңға жуық адамның құжаты қаралды. Ол осы салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 21%-ін құрап отыр. Келесі жылдың соңына дейін бұл пайызды 50%-ке дейін көбейту жоспарланып отыр, — деді департамент директоры.
Қазіргі таңда елімізде 100 мыңға жуық мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылған.
Биыл «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 9 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 3 мыңға жуығы жұмыс істеп жатыр. Оған қоса, Еңбек биржасында мүгедектігі бар адамдарға ұсынылған кәсіптердің атласы бар. Мұнда мүгедектігі бар жандарға арналған 5 мыңға жуық бос жұмыс орындары жарияланған. Сондай-ақ, мемлекет субсидия беретін әлеуметтік жұмыс орындары бойынша мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту алдыңғы орында тұр. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер не әртүрлі компаниялар мүгедектігі бар жандарды жұмысқа аламын десе, оның орын-жайын жабдықтап, бейімдеп беруге үкімет тарапынан қаражат бөлінген. Биыл осы жағдай бойынша 59 құжат қаралды, — деді департамент директоры.
Оның айтуынша, жұмыс іздеген азаматтар электронды еңбек биржасына кіріп, өзінің мамандығына жақын саланы таңдап өтініш жіберуге болады. Сонымен қатар жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына жүгініп, бос жұмыс орындарына өтініш беруге мүмкіндік қарастырылған. Жыл сайын жұмыс тізімі өзгеріп, жаңартылып тұрады. Бірақ, қазіргі ғаламтордың дәуірінде онлайн жұмысқа бет бұрып жатқандар көп екенін атап өтті.
Әлеуметтік қорғау саласында 3 деңгейлі негізде жұмыс істейді. Біріншісі, сараланған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, егер сақтандырылған болса мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан, компанияларынан берілетін әртүрлі төлемдер қарастырылған. Мұны биылғы жылы 53 мыңдай мүгедектігі бар адам пайдаланған. Екінші деңгейі – арнаулы әлеуметтік қызметтер. Өмірде түрлі қиын жағдайларға тап болып, өзі еңсере алмайтын мүгедектігі бар жандарға әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Оларға оңалту орталықтарының, әлеуметтік қызметшілердің, ымдау тілі маманының және жеке көмекшілердің қызметтері көрсетіледі. Ал, үшінші деңгейі – өзінің жоғалған функцияларын қалпына келтіруге бағытталған техникалық оңалту құралдары және қызметтері. Осы бойынша жыл басынан бері мүгедектерге қатысты 214 мың іс-шара ұйымдастырылды, — деді Альбина Борамбайқызы.
Мүгедектігі бар адамдарға арналған «Әлеуметтік қызметтер порталының» қызметі туралы атап өтті.
Әлеуметтік қызметтер порталында мүгедектерге қажетті техникалық және оңалту құралдарды таңдауға болады. Бұл жобаның іске асқанына бір жылдан асты. Мүгедектігі бар жандар порталдан өздеріне қажетті заттарды онлайн түрде ала алады. Адамдар электронды қолтаңбасы арқылы порталға кіріп, тапсырыс бергеннен кейін 14 күн ішінде тапсырысын ала алады. Ал, бұрын бұл процес 8 айға дейін созылатын еді. Қазіргі кезде портал арқылы мүгедектерге тиімді қызмет сапасы ұсынылды, — деді Альбина Борамбайқызы.
Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасымен дәріханалары жоқ ауылдық елді-мекендерде тұрып жатқан мүгедектігі бар адамдарға дәрі-дәрмекті мемлекеттік мекеме және емханалар арқылы алу жағдайы қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау ұйымдарында мүгедектігі бар адамдардың емханаларда кезексіз қызмет ала алуы және санаторий мен курорттық емге баратын баланың ата-анасының жол шығындарын көтеру мәселелері қарастырылып жатқанын айтты.