Қазақстандықтар астана күнін тойлап жатыр

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Осылайша елдің жаңа астанасына оңтайлы қаланы анықтау үшін республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Таңдау Ақмолаға түсті. 1994 жылы 6 шілдеде сол кездегі жоғарғы кеңес астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады.

Араға үш жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев астананы ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды. Ал 1998 жылы 6 мамырда Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.

Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылы 10 маусымда өтті. Бұл күн 2006 жылға дейін елорданың туған күні ретінде мерекеленіп келді. Кейінірек заңға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік мейрамның датасы 6 шілдеге ауыстырылды.

Бүгін елорданың 24 жылдығына орай, астанада бірқатар мерекелік шара өтеді:

  • «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде «Елорда пейзаждары» атты арт-көрме жұмыс істейді;
  • Біріккен музейлер дирекциясы «Ел тірегі – Елорда» көрмесін өткізеді;
  • «Астана Опера» опера және балет театры «Шопениана» мен «Шехрезада» балеттерін ұсынады;
  • «Колизей» спорт кеңістігіндегі «Отан Ана» монументінің жанында стритболдан «Nur Sultan Cup» турнирі ұйымдастырылады;
  • «Астана Балет» театры «Орфей және Эвридика» балетінің премьерасына шақырады;
  • Триатлон паркінде «Elorda Tolqyny» спорттық жарысы болады;
  • «Қазанат» ипподромында шабандоздар «Елорда кубогы» үшін бәйге түрлерінен бақ сынайды;
  • Кешке, сағат 18:00-22:00 аралығында «Астана-Арена» стадионының тұрағында дәстүрлі Open air «Халықпен бірге» өтеді;
  • «Қазақстан» ОКЗ «Дос-Мұқасан» ансамблінің шығармашылығына арналған «Далам менің» концертін ұйымдастырылады;
  • Ал, сағат 21:00-де Амфитеатр сахнасында Ұлықпан Жолдасов «Ақ қанат – ақ құсым» бағдарламасымен өнер көрсетеді.

Алайда осы жылы қала күніне орай Нұр-Сұлтанда отшашу болмайды.