Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan съезінде сөйлеген сөзі

Нұрсұлтан Назарбаев съездің тарихи мәніне тоқталып, Қасым-Жомарт Тоқаевты Nur Otan партиясының төрағасы етіп сайлау туралы ұсынысын партияластары қолдайтынына сенім білдірді.

Кейінгі бір жарым жыл ішінде партия жүйелі түрде қайта жаңғырды. Оны толық басқаруды қазіргі  мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсыру бұл процестің соңғы кезеңі деп санаймын. Партиядан президент сайлауына ұсынылған және қолдауына ие болған адам оны басқаруға тиіс. Бүгінде Қазақстан президентінің басшылығымен маңызды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүзеге асуда. Барлық қажетті ресурсы бар Nur Otan партиясы оларды орындау барысында  сенімді тірек болуы керек, – деді ол.

Қазақстанның бірінші президенті жұртшылық жан-жақты қолдағанда ғана ел тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған ауқымды реформалардан маңызды нәтижелер болатынын айтты.

Ел бірлігі, тыныштық, тұрақтылық пен келісім барда ұлы мақсаттарға жетуге болатынын әрдайым айтып келемін. Біздің отыз жылдағы тәжірибеміз осыны айқын көрсетті. Бүгінде тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басып отырмыз. Бұл – жаһандық өзгерістер, күрделі әрі жауапты шешімдер кезеңі. Қазақстан жаңа дәуірдің барлық сынағынан сүрінбей өтетініне сенімдімін. Айқын мақсаттар, саяси ерік-жігер, ең бастысы халықтың қолдауы соның кепілі болмақ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Съезд шешімімен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясы төрағасы болып сайланды.

Партияның кезектен тыс XXI съезінің шешімімен елдің тұңғыш президенті – елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірауыздан Nur Otan партиясының төрағасы болып сайланды,  — делінген партияның съезд қорытындылары туралы хабарламасында.