Басты бетЖаңалықтарМинистр: Елімізде...

Министр: Елімізде күнбағыс майының тапшылығы жоқ, болған да емес

Қазақстанда күнбағыс майының тапшылығы жоқ, болған да емес. Негізі әлемдегі дағдарысты қарап отырсаңыз, өткен 3-4 айда күнбағыс майы қымбаттап кетті. Көршілес елдерде май екі-үш рет қымбаттап, табылмай халықтың дүрліккен кездері болды. Қазақстанды алсақ, біз жыл көлемінде 1 миллион тонна күнбағысты өзіміз шығарамыз және өңдейміз. Негізі Қазақстандағы күнбағыс майын қайта өңдеу зауыттары 2 миллион тонна күнбағысты өңдей алады. Демек, жүктеліп отырған деңгейі төмен, 50% ғана толып отыр. Сол себепті, біз күнбағыс майының өзіне квота енгізген болатынбыз, — деді Қарашөкеев мәжіліс отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, бұл квоталар тамыздың аяғына дейін күшінде болады, онда 15 мың тонна күнбағыс, 68 мың тонна шикі күнбағыс майын шығаруға квота берілген.

Біз өз алдымызға балансты сақтау талабын қойып отырмыз. Біріншіден, күнбағыстың өзін шығаруға рұқсат етіп, өз зауыттарымыздың да жүктемесін қамтып, күнбағыс майын өзіміз өндіретіндей деңгейге шығару. Күнбағысты 1 миллон тонна емес, 4 миллион тонна етіп шығара алсақ, әрине шектеу квотасын қоймайтын едік. Сол себепті біз квота енгізгенде бағасын мұқият қарап, шаруалар келер жылы күнбағыс екпей қоймасын деп, балансты сақтап отырмыз, — деді Ербол Қарашөкеев.

Айта кетейік, ел аумағынан күнбағыс майын әкетуге енгізілген шектеулер 2021 жылғы 15 желтоқсаннан бастап 2022 жылғы 1 маусымға дейін қолданылған еді. Мемлекеттік кірістер комитеті шектеу шараларын 31 тамызға дейін ұзартты.