Мәжілісте Қазақстанның қылмыстық, қылмыстық-процестік және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейтуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бірінші оқылымда қаралып жатыр.
Құжаттарды экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев таныстырды.
Қазақстанның ұлттық парктері мен басқа да табиғи байлықтарын қорғау мақсатында заң жобаларымен экологиялық залал келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді, — деді министр.
Ол әуелі әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне ұсынылып отырған өзгерістерге тоқталды.
Оның айтуынша, жыл сайын сүрек дайындап әкету шараларынан кейін орман пайдаланушылардың өрт қауіпсіздігі мен санитариялық қағидаларды сақтамауы себебінен орман алқаптарында өрт пен зиянкестерді ошақтары пайда болып жатыр.
Қазақстан орман аз ел болғандықтан орман пайдаланушылардың жауапкершілігін күшейту қажет. Заңда әкімшілік кодекстің 368-бабының 2-бөлігінде «Кеспе ағаш қорын пайдаланудың, сүрек дайындау мен әкетудің, шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы орман материалдарын алудың белгіленген тәртібін бұзу» ерекше қорғалатын табиғи аумақта жасалған іс-әрекеттер үшін айыппұл сомасы ұлғайтылады, — деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол ұлттық парктерді қатты тұрмыстық қалдықтармен ластаудың өзекті проблемаға айналғанын атап өтті.
Орман фаунасын жою немесе бүлдіру, сонымен бірге орманды қалдықтармен, химиялық заттармен бүлдіру, ластау және орман қоры жерлеріне өзге де залал келтіргені үшін айыппұлдар мөлшері ұлғайтылады, — деді Серіқали Брекешев.
Аталған норма әкімшілік кодекстің 372-баптың 4-бөлігіне енді.