Әлемде маймыл шешегін жұқтырғандар саны 3,2 мыңнан асты

Алты аптадай уақыт бұрын ДДСҰ Ұлыбританияда маймыл шешегін жұқтырған үш науқас анықталғаны туралы хабарлама алды. Содан бері бұл ауруды 48 елде 3 200-ден астам адам жұқтырып, бір адам ажал құшты, — деді Гебрейесус ДДСҰ-ның маймыл шешегі бойынша төтенше комитетінің отырысында.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшысының айтуынша, соңғы кездері ауру негізінен гомосексуалдық қарым-қатынаста болған ер адамдар арасында таралып жатыр.

Дегенмен ол инфекция ауру адамнан кез келген басқа адамға беріліп жатқанын да атап өтті. Осыған байланысты ДДСҰ басшысы басқа елдермен салыстырғанда науқас әйелдердің үлесі әлдеқайда жоғары Нигерияда маймыл шешегінің таралу механизмін зерттеуге шақырды.

Маймыл шешегі – адамдар арасында таралатын сирек кездесетін вирустық инфекция. Әдетте бұл ауру жеңіл өтеді, көптеген адам бірнеше апта ішінде жазылады, бірақ кейбір жағдайда асқынып кетуі мүмкін.

Маймыл шешегінің алғашқы белгілері: қалтырау, бас ауруы, бұлшықет ауруы, арқадағы ауырсыну, лимфа түйіндерінің ісінуі, тоңып дірілдеу және әлсіреу. Бөртпе пайда болуы мүмкін.