Әкім «АрселорМиттал Теміртау» цехындағы қайғылы оқиға туралы айтты

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы 60 жыл бұрын құрылған. Оның активтері жоғары. Осы орайда өңір басшысы ретінде аталған мекеме басшылығымен өндірістік қауіпсіздік мәселесіне аса мән беру туралы келісіп жатырмын. Егер 2019 жылы компания қауіпсіздік шарасына 70-80 миллиард теңге инвестиция бағыттаса, биылғы жоспар бойынша ол 190 миллиард теңгені құрап отыр, — деді Жеңіс Қасымбек орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар облыс басшысы өндіріс қауіпсіздігіне қатысты жауапкершіліктің барын мойындап отыр.

Бұл өңірді 3 жыл басқарып келемін. Мен келгелі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында қауіпсіздікті қамтуға бөлінетін инвестиция артып отыр. Иә, мекеме нысандарындағы технологияға қатысты сұрақтар бар. Дегенмен өндірісті тоқтатып тастау оңай шаруа емес. Бұл мекеме Теміртау, Шахтинск, Саран және Абай қаласының тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Барлығы 8 шахта жұмыс істеп тұр, — дейді ол.

Әкім «АрселорМиттал Теміртаудың» еншілес компаниясы «Құрылысмет» компаниясы жүргізген жөндеу жұмыстары осы қайғылы жағдайға әкеп соқтырғанын атап өтті.

Ол қазір қауіпсіздік ережелерінің сапасы мен талаптарын сақтау бойынша тергеу жүріп жатқанын еске салды. «АрселорМиттал» компаниясының екі қызметкері мен еншілес компаниясының басшысы қамауға алынды.

Тергеу жүріп жатыр. Қосымша ресми ақпарат шыққанда, біз одан хабардар етеміз. Жалпы атап айтқанда, «АрселорМитталға» қатысты өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша проблемалар бар. «Абай» шахтасындағы өткен жылғы қайғылы жағдай есімізде. Онда да қауіпсіздік техникасын сақтауға қатысты сұрақтар туындады. Бұл мәселелер уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауында болады, бірақ мойындау керек: зауыт 60 жыл бұрын салынған, көптеген агрегат пен активті тез арада қосымша жөндеу қажет,- деді әкім.

Еске салайық, 10 маусымда «АрселорМиттал Теміртау» цехында төрт жұмысшы қаза тапқан болатын. Бір адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.