«Қазақстан халқына» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы ауысты

«Қазақстан халқына» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып «Атамекен» кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменов сайланды.

Қордың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Юрий Пя жұмыс көлемінің жоғары болуына байланысты қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретіндегі өз өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш білдірген. Ю.Пя – жоғары технологиялармен өте күрделі кардиохирургия операцияларын жасап жүрген әлемге әйгілі дәрігер, Қазақстан еңбек ері атағына ие. Қазір ол «University Medical Center» корпоративтік қорын басқарады.

Юрий Пя қамқоршылық кеңес құрамында қала отырып, стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруда қорға қолдау көрсетуді жалғастырады.

Қордың қамқоршылық кеңесінің жаңа төрағасы болып қоғам қайраткері, «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Қайырбек Шошанұлы Сүлейменов сайланды. Ал қамқоршылық кеңес төрағасының орынбасары болып медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі Аманжолова Зәуреш Жұманәліқызы сайланды, — делінген хабарламада.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз