Тоқаев Ресей-Украина қақтығысын бейбіт жолмен реттеуге қатысты пікір білдірді

Қазақстан президенті Қатар экономикалық форумының арнайы панельдік сессиясы барысында Ресей-Украина қақтығысын бейбіт жолмен реттеуге қатысты пікір білдірді

Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Ресей-Украина қақтығысын бейбіт жолмен шешу жолдарына қатысты сұраққа жауап берген Қазақстан президенті келіссөздерді жалғастыра берудің маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл қақтығысты шешуге тараптардың ерік-жігері қажет. Сонымен қатар мемлекет басшысы халықаралық қауымдастықтағы пікір қайшылығы мен аталған мәселені шешуде БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің қауқарсыздық танытып отырғанына тоқталды.

БҰҰ ешқашан мұндай ыңғайсыз жағдайға тап болған емес. Тіпті «Қырғи-қабақ соғыс» кезінде де Біріккен Ұлттар Ұйымының бірлігі бұдан әлдеқайда мығым еді. Мен БҰҰ-ның болашағына қатты алаңдаймын. Осы ретте, көпқырлы саясатқа сенемін. Бұл ретте мен халықаралық қауымдастықтың бірлік танытып, ынтымақтаса отырып, екі мемлекеттің бейбіт бітімге келуі үшін оң ықпал етуі керек деп санаймын, – деді мемлекет басшысы.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз