Ресей-Украина қақтығысы: бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жасады

2022 жылғы ақпан айынан бастап бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты материалдар (жарияланымдар, бейнесюжеттер, хабарламалар, пікірлер) белсенді жарияланып жатыр. Олардың ішінде жекелегендері Қазақстан азаматтарын осы жанжалға қатысуға шақырулармен, ұлттық араздықты қоздыру, екі тараптың да азаматтарының ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері бар қасақана арандатушылық мәлімдемелермен және көрінеу жалған ақпаратпен сүйемелденеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілердің кейбір пайдаланушылары, соның ішінде Қазақстан азаматтарының арасынан болып жатқан оқиғаларға жария түрде түсіндірме бере отырып, оларға еліміздің аумағының тұтастығына қатысты сепаратистік үндеулерді орналастырып жатыр. Бұл әрекеттерге Қазақстан конституциясымен, біздің еліміз қатысушы болып табылатын жалпыға танылған халықаралық-құқықтық құжаттармен тыйым салынған, — делінген хабарламада.

Бас прокуратура қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздануына жол бермеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде осындай арандатушылық сөздер мен шақыруларға берілмеуге үндеді.

Қазақстан азаматының шет мемлекет аумағындағы соғыс қимылдарына қасақана құқыққа қайшы қатысуы, сол сияқты ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстанның тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуға жария түрде шақыру қылмыстық жазаланатын әрекеттер болатынын (ҚК-нің 172, 174, 180-баптары) және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соқтыратынын түсіндіреміз. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын көрінеу жалған ақпарат таратқан үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделгенін ескертеміз. Азаматтарды және бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды жоғарыда келтірілген кез келген құқық бұзушылықтарды жасаудан аулақ болуға, осындай арандатушылық сөздер мен шақыруларға жол бермеуге және олардың алдын алуға шақырамыз, — делінген хабарламада.