Жыл соңына дейін Талдықорғандағы жолдардың сапасы жақсарады

Бұл туралы қала әкімі Әсет Масабаев журналистермен өткен баспасөз мәслихатында айтты.

8,9 шағын аудандарында 9 көше, «Жастар – 1» 533 көше, солтүстік-батыс тұрғын ауданында 45 көшеде құрылыс жұмыстары, орташа жөндеу жұмыстары 67 көшеде жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін жолдардың 82% қанағаттандырарлық жағдайға жетпек,- деді қала әкімі.

Сонымен қатар қаладағы аялдамаларды күтіп ұстауға 61,3 миллион теңге қаражат бөлінген.

Талдықорғанда 282 аялдама кешені бар. Оларды күтіп ұстауға биыл қазына қоржынынан 61,3 миллион теңге бөлінген. Бүгінде шаһардағы 21 смарт аялдаманы жаңарту үшін байқау өтіп жатыр. Яғни, заманауи аялдамаларға шексіз ғаламтор,  смартфондарды зарядтау тетіктері, қоғамдық көліктердің бағыттары көрстеліген электрон тақтайшалар, бейнебақылау камераларын орнату, сонымен қатар шатыр және күн панелдерін жөндеу көзделген,- деді Әсет Масабаев.

көше, жол
Фото: Талдықорған әкімдігінің баспасөз қызметі

Сәуір айынан бастап, Шығыс шағын ауданында, Шахворостов, Гагарин, Алдабергенов, Біржан сал көшелерінде, Қадырғали Жалайыр даңғылында 10 аялдама кешенін салу жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстары шілде айында аяқталады деп жоспарланған.

Ақпаратқа сәйкес, Талдықорғанда 26 бағыт бойынша 7 қоғамдық көлік тасымалдаушы бар. Ұйымдардарда барлығы 230 қоғамдық көлік болса, оның 190-ы күн сайын желіге шығады. Биыл қалалық тасымалдаушылар ұйымы жалпы құны 2,3 миллиард теңгеге 55 автобус сатып алған. Сонымен қатар шаһардың әлеуметтік маңызды бағыттарында жұмыс атқаратын тасымалдаушыларға 430 миллион теңге субсидия бөлінген.