Төрт өңірге мұғалімдерді тартуға арналған бағдарлама басталды

Елімізде мұғалімдер тапшылығы бар және білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама қолға алынды.

Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова мәлімдеді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, мұғалімдер тапшылығы және білім сапасы нашар өңірлер мәселесі Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облысына қатысты болып отыр. Аталған аймақтарда математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті және шетел тілі мұғалімдері жетіспейді.

Мәселені шешу үшін министрлік педагогтерге арналған арнайы байқау жариялады. Қажетті құжаттар тізімі өңірлік білім басқармалары және Назарбаев зияткерлік мектебінің ақпарат ресурстарында орналастырылған. Құжат қабылдау 2022 жылғы 26 маусымға дейін жүреді.

Мұғалімдер осы бағдарламаға қатысып өз бағын сынай алады. Бағдарламаға тәжірибелі ұстаздармен қатар оқуды енді бітірген жас мамандар да өтініш бере алады. Жоғарыда аталған 4 өңірде үйлестіру кеңесі құрылды. Бағдарламаға қатысушы ұстаздар алдымен өз пәні бойынша тест тапсырады. Екінші кезеңге өткендер 350 сөзден тұратын эссе жазуы керек. Екі кезеңнен сәтті өткен мұғалім соңғы әңгімелесуден өтеді. Әңгімелесу ZOOM платформасы арқылы сұрақ-жауап түрінде ұйымдастырылады, — деді Гүлмира Кәрімова министрліктің Oqu-ağartu LIVE жобасының тікелей эфирінде.

Оның айтуынша, бағдарламаға қатысушы мұғалім барлық тапсырманың 60% сәтті орындаған жағдайда жолдама алады. Сонымен қатар ұстаздар сынақты өңірлердегі Назарбаев зияткерлік мектебінде тапсырады.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз