2015 жылдан бері ұлттық қорды белсенді пайдаланып келеміз. 2019-2020 жыл туралы айтып отырған жоқпыз. Шынымен де пандемиямен байланысты дағдарысқа қарсы шараларға қаржы қажет болды. Бірақ 2021 жылы жалпы ахуал айтарлықтай жақсарды, — деді есеп комитетінің төрағасы парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Комитет басшысы былтыр бюджет те пандемия кезіндегі инерциямен жоспарлағанын атап өтті.
Мемлекет басшысының республикалық бюджет ұлттық қордың қаражатына арқа сүйемеуі керектігі туралы тапсырмасына қарамастан, 2021 жылы 4,5 триллион теңге жұмсалды. Ал бұл кезеңде ұлттық қорға 4,3 триллион теңге ғана кіріс түскен, — деді Наталья Годунова.
Оның айтуынша, үкіметтің атынан алынған қарыздың құрылымында ішкі борыштың үлесі артып, сыртқы борыштың үлесі азайған.
Мемлекеттік борыштың жалпы ішкі өнімге қатынасы жаңа бюджеттік саясаттың тұжырымдамасында көрсетілген 27%-тік межеден сәл асты. Есепті кезеңде үкімет борышының қүрылымы жақсарды. Ішкі қарыздың үлесі 60%-ке дейін өсіп, сыртқы қарыздың үлесі 40%-ке дейін азайды. Дегенмен былтыр сырттан алған қарыз мөлшерінің 4 есе артуы – айтарлықтай сын-қатер, — деді комитет басшысы.
Наталья Годунованың мәліметінше, сыртқы қарызды ақылға қонымсыз тартып, қолдану әрекеті үшін жеке жауапкершілік енгізу шаралары да қолға алына бастаған.
Ондай түзетулердің бір бөлігі әзірленіп, сенаттың қарауына жолданды. Қалған түзетулер бойынша жұмысты парламенттің күзгі сессиясында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осылармен бірге мемлекет борышының қауіпсіз шегін ашық есептеу және сырттан алынған борыштың тиімді игерілуіне талдау жасау тетіктерін енгізу қажет, — деді Наталья Годунова.