Қазақстанда «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны басталды

Биыл жиынға еліміздің барлық өңірінен 40 команда қатысады. Олар — облыстардағы, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы әскери-патриоттық клубтардың, қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, әскери колледждердің, мектеп-интернаттардың, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің 14-18 жас аралығындағы 600-ге жуық қатысушы,- делінген хабарламада.

Жиын бағдарламасы әскери-қолданбалы және әскери-спорттық жарыстардан тұратын 11 сайысты қамтиды. Жас патриоттар «Айбын дарыны» ойыны барысында өздерінің зияткерлік қабілеттерін көрсетеді. «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауында және «Жас сарбаз – жас тілшілер» журналистік байқауында таланттарын паш етеді.

Арқан тарту және әскерилендірілген эстафета барысында қатысушылардың дене дайындығының деңгейі, күші, төзімділігі мен жылдамдығы бағаланатын болады.

Пневматикалық винтовкадан оқ ату, автоматты бөлшектеп-жинау, газ тұмылдырығы және жалпыәскери қорғаныс жиынтықтарын кию кезінде жас патриоттардан нақты, дәл әрі анық орындалған әрекеттер талап етіледі.

«Smart Sarbaz» өнертапқыштар сайысы барысында жас бағдарламашылар IT-әзірлемелері мен техникалық шешімдерін ұсынады.

Ақтық сында «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойыны өтеді. Онда болашақ Отан қорғаушылар әскери қызметпен байланысты практикалық міндеттерді орындайды, командада жұмыс істеу тәжірибесін меңгереді, өздерінің моральдық және күш-қуат тұрақтылығын тексереді.

«Айбын» VIII республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны бір аптаға жалғасып, 24 маусымда аяқталады.