«Жас ұлан» мектебі әскери-спорттық ойындар жарысында бірінші орын алды

Орталық әскери спорт клубының базасында лицей оқушылары кездесті. Ойынға барлығы жеті командадан 56 оқушы қатысып, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебінің тәрбиеленушілері үздік атанды. Бұл туралы Әскери мектептің оқу-әдістемелік бөлімі қызметкерлері хабарлайды.

«Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушісі Сағи Молдахмет белтемірге 30 рет тартылып ІІ орын алды. Ратбек Дидарбеков те 3000 метрлік арақашықтыққа жүгіруден 10.4 секундттық көрсеткішпен ІІ орын алды.

Нысанадан мылтықпен атып, 42 ұпаймен Сағи Молдахмет І орын, ал Арман Кобетаев 41 ұпаймен ІІ орындарды иеленді. Сонымен қатар 4*100 метрлік эстафета бойынша «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушілері Рахман Таншабек, Әділет Болатов, Берат Кобентаев және Сағи Молдахмет команда бойынша 53,2 секундтық нәтижемен ІІ орынды иеленді.

Жалпы команда сынағының жиынтық нәтижесі бойынша «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушілері І орынға ие болып, басты ұтыс — ҚР Қарулы күштері Бас штабының кубогын ұтып алды. Айта кету керек, жарыс тарихында жүгіріс алғаш рет әскери киіммен өткізілді.

"Жас ұлан" мектебі, жеңімпаздар
Фото: «Жас ұлан» мектебі

Жарыс Президенттік дене шынықтыру дайындығының тестілеу бағдарламасы бойынша жүргізілді. Атап айтсақ: 100 және 3000 метр арақашықтықта жүгіру, белтемірге тартылу, нысанадан мылтықпен ату, 50 метр арақашықтықта суда жүзу, сонымен қатар әскери-спорттық ойын түрлерінен 4*100 метрлік эстафета және шағын футбол болды.

Жарыс Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Семей қаласының командаларының қатысуымен өткен шағын футбол ойынымен аяқталды. Бұл ойында да Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебінің командасы жеңіске жетті.