Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы теміржол тасымалы 3,5 есе артты

Бұл туралы Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясының Бакудегі өкілдігі мәлімдеді.

Мәселен, қаңтар-мамыр аралығында «Қазақстан темір жолы» ҰК мен «Әзірбайжан темір жолы» жабық акционерлік қоғамы арасындағы тасымалдау көлемі 1 388,1 мың тоннаға жетті. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 088,8 тоннаға артық.

Әсіресе, Әзірбайжанға астық жөнелту көлемі артты. Яғни, көрсеткіш 128,3 мың тоннаны құрады. Ал Әзірбайжан арқылы елімізге келетін мұнай өнімдері мен қара метал көлемі 13,5 есе ұлғайып, 884,6 мың тонна болды. Әзірбайжаннан және осы ел арқылы импортталатын тауарлардың арасында химикаттар мен ас содасына сұраныс жоғары.

Азық-түлік тасымалының өсуіне байланысты транзиттік тасымалдар да 2% артып, 3,1 мың тоннаға жетті. Әзірбайжан аграрлық зерттеулер орталығының дерегі бойынша қаңтар-мамыр аралығында Қазақстаннан аталаған елге 49,1 миллион долларға астық экспортталған. Әзірбайжан астық импортының 41,1% еліміздің үлесінде,- делінген хабарламада.