Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырғаны үшін жаза күшейеді

Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жақсарту, сонымен қатар ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының халықаралық стандарттарын іске асыру мақсаттарында әзірленді. Құжат заңды тұлғалардың бенефициарлық меншік иелерін ашу міндетін белгілеуге, кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған трасттарға немесе басқа да корпоративтік құрылымдарға қолдануға бағытталған.

Сонымен қатар заң жобасында терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген субъектілердің тікелей немесе жанама бақылауындағы қаражат пен өзге де активтерді тоқтату ескерілген.

Құжат аясында қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту және ФАТФ ұсынымдарында айқындалған бірқатар қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін «мүлікті тәркілеу» түріндегі қылмыстық жазаны белгілеу қарастырылған.

Мұнымен қоса, заң жобасы «террористік әрекет» ұғымын кеңейту мақсатында «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңның ережесін қылмыстық кодекстің ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған.

Палатаның жалпы отырысында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды.

Бұл құжаттар енді сенаттың қарауына енгізіледі.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз