Қазақстанда электросамокат жылдамдығы шектелуі мүмкін

Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев электр самокаттардың қозғалысына рұқсат етілетін жолдарға қатысты пікір білдірді.

Баспасөз мәслихатында тілшілер Жандос Мұратәлиевтен жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан асатын электр самокаттарын басқаратын адамдардан жүргізуші куәлігін талап ету мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойды.

Оларға жүргізуші куәлігі керек емес. Себебі велосипедпен жүретіндерден де осындай құжатты талап етпейміз. Электр самокат стандартын енгізгеннен кейін, біз жол ережесінде де тиісті өзгерістерді ескереміз. Онда самокатпен қай жерде жүруге болатынын, балалар қай жастан бастап оны басқара алатынын белгілейміз. Электр самокаттарының саны күрт артуына орай лайықты жолдар да салына бастайды, — деді комитет басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, автокөлік жолдарының оң жақ жиегінде электр самокаттарымен 14 жасқа толған балаларға жүруге рұқсат берілуі мүмкін.

Автөлік жүргізушілері де электр самокатпен жүретін адамдардың қауіпсіздігін назарға алуы керек. 14 жасқа толмаған баланың электр самокатпен автокөлік жолдарына шығуына рұқсат бермейміз. Мұндай деректер тіркелсе, полиция шара қолданады. 14 жасқа толмаған бала саябақ ішінде, көшеге шықпайтын орындарда жүре алады, — деді Жандос Мұратәлиев.