Елімізде самокат мінетіндерге шектеу енгізілуі мүмкін

Ішкі істер министрінің айтуынша, қолданыстағы жол қозғалысы туралы заңға сәйкес, елде самокат деген көлік құралы жоқ. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, аталған техниканың сертификаты жоқ, екіншіден ол көліктерге қойылатын талаптарға сай келмейді: доңғалағының диаметрі, тежегіш жүйесі, айналары, қауіпсіздік жүйесі.

Яғни бүгінгі таңда электр самокаттармен трассалар мен жолдарда жүруге үзілді-кесілді тыйым салынады, — деді министр халыққа есеп беру кездесуінде.

Ол қазір ведомство веложолдар және тротуарларда электр самокатпен жүру мәселесін қарастырып жатқанын атап өтті.

Бірқатар самокаттың жылдамдығы сағатына 20 шақырымнан асады. Кейбір елдерде шектеулер енгізілген, — деді Ерлан Тұрғымбаев.

Мәселен, Ұлыбританияда самокатты тек жекеменшік аумақта ғана пайдалануға болады. Басқа еуропалық елдерде самокаттардың жылдамдығына қарай шектеу енгізілген – велосипед жолдарында сағатына 20 шақырымға дейін, жаяу жүргіншілер жолында 12 шақырымнан төмен.

Біздің елде бұл мәселе реттелмеген. Қазіргі таңда барлық мүдделі органның қызметкерлерінен жұмыс тобы құрылды. Заңнамаға өзгерістер енгізіледі немесе ұсыныстар қаралады деп ойлаймын, — деді министр.

Бұған дейін Алматыда самокат мінген қызды жүк көлігі қағып кетті. Куәгерлер мен жүргізушінің айтуынша, Jac жүк көлігі Ақсу көшесімен батыс бағытқа қарай келе жатқан. Қиядан төмен қарай самокатпен түскен қызды жүргізуші тым кеш байқаған. Алайда тоқтауға тырысқан әрекеті нәтижесіз болып, бүлдіршінді басып өткен. 2013 жылғы қыз оқиға орнында көз жұмды.

Айта кетейік, мұның алдында бір айда 140 мыңнан астам самокат сапары сақтандырылғанын хабарлаған едік.