Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 4,6%-ке ұлғайды

Биыл қаңтар-мамыр айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,6%-ке дейін жеделдеді. Негізгі трендтер бойынша есепті кезеңде нақты сектордағы тұрақты серпін, қызмет көрсету секторындағы өсімнің жеделдеуі, экспорт көлемінің жоғары өсімі байқалады, — деді Әлібек Қуантыров үкімет отырысында.

Нақты сектордағы өсім 4,8%-ті құраса, қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9%-ке дейін ұлғайды. Салалар арасында сауда, құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндіру өнеркәсібі, сумен жабдықтау, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсетіп жатыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5%-ті құрады.

Қаңтар-сәуірде сыртқы сауда тауар айналымы 40,8%-ке өсіп, 39,7 миллиард долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш шамамен 60%-ке өсіп, 26,5 миллиард долларға дейін жетті. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 32%-ке артып, 7,3 миллиард долларға дейін жетті,- деді министр.