Қазақстандағы референдумның ресми қорытындысы жарияланды

Референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 11 734 642 адамды құрады. 2022 жылғы 5 маусымда ҚР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша бүкілхалықтық дауыс беруге 7 985 769 немесе референдумға қатысу құқығы бар адамдар санының 68,05% құрады. Осылайша «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31-бабына сәйкес референдум өткізілді деп есептеледі, — деді ҚР орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Оның айтынша, Респубилкалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

Елдің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың 77,18% немесе 6 163 516 адам конституциялық түзетулерді жақтап дауыс берді. Бұл 17 аймақтың әрқайсысында абсолюттік көпшілікті құрайды. Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың саны дауыс беруге қатысқандардың 18,66% құрады немесе 1 490 477 адам. Осылайша, «Республикалық референдум туралы» заңның 31, 34-баптары негізінде еліміздің негізгі заңына ұсынылған өзгертістер қабылданды деп есептелінеді, — деді Нұрлан Әбдіров.

Референдум қабылдаған шешімнің міндетті күші болады және актілермен қосымша растауды талап етпейді. Референдумда қабылданған өзгертулер мен толықтырулар референдумның қорытындылары туралы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Еске салайық, 2022 жылғы 5 маусымда Қазақстанда Конституцияға түзетулер енгізуге байланысты жалпыхалықтық референдум өтті. Ел билігі Конституцияның үштен бірін яғни, 33 бапты өзгертуді ұсынды. Алайда бюллетенде «түзетулерді қолдайсыз ба?» деген бір ғана сұрақ болды.