Биыл эпидемиология жағдайы мектеппен қоштасу мерекесін өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Алайда ол міндетті түрде мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы керек. Білім беру ұйымдары барлық қажетті ұсыныс мен нұсқауды алды. 2022 жылы елімізде 3,5 миллионнан астам оқушы үшін соңғы қоңырау соғылады. 11 (12) класс түлектері 170 857 адам. 9 класс оқушылары 302 078. Биыл «Алтын белгі» төсбелгісіне 8 139 түлек үміткер. Тағы қоса кетерім, жыл сайын 1 қыркүйек немесе 25 мамыр қарсаңында қоғамда «Мұғалімге гүл сыйлауға бола ма және бұл заң бұзушылық болып саналмай ма?» деген сұрақ туындайды. Біздің ұстанымымыз — иә, болады. Бұл жақсы дәстүр ғой, — деді мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.
Республиканың барлық жалпы білім беретін мектебінде соңғы қоңырау мерекесін бір мезгілде өткізу жоспарланып отыр.
Мынаған тыйым салынады:
- аниматорларды, мереке агенттігін, әртістерді, мерекелік шара өткізу үшін ақылы жеке студияларды тартуға;
- мерекелік дастархан жаюға;
- жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қала (аудан) бойынша экскурсия жасаға;
- мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық алу үшін қаражат жинауға;
- ойын-сауық мекемелерінде бітіру кешін ұйымдастыруға рұқсат жоқ.
Айта кетейік, Қазақстанның барлық мектебінде соңғы қоңырау мерекесі 25 мамырда өтеді. Ал аттестатты салтанатты тапсыру рәсімі 16-17 маусымда өтеді.