– Камила ханым, әлеуметтік желілерде Kazdream ІТ холдингі жасайтын өнімдердің 20%-і — мемлекеттік тапсырыс. Қазақстанда мемлекеттік мекемелер тарапынан және бизнес саласында қандай IT-өнімдерге сұраныс жоғары?
– Иә, біз тек бизнес саласында емес, мемлекеттік сектормен жұмыс істей бастадық. Бүгін біз бизнестің дамуына және жеке тұлғалардың пайдалы өнімдер алуына көмектесу үшін B2B және B2C салаларын қамтып отырмыз.
Біздің ортақ миссиямыздың арқасында әлеуметтік мәселелерді шешудегі, қауіпсіздікті сақтаудағы және қылмысқа қарсы күрестегі жұмысты жеңілдету үшін сұранысқа ие өнімдер жасалды. Мысалы, мемлекеттік шекараларды қорғаудың арнайы жүйесін құрдық. Ол деректер базасымен интеграцияның 37 түрін қамтамасыз етеді және бірқатар мемлекеттік органдардың ақпараттық өзара іс-қимылы үшін құрылған.
– Kazdream IT-өнім дайындағаннан кейін тұтынушыға қызмет көрсетуді жалғастыра ма, әлде тек IT-өнімдерін дайындаумен айналыса ма?
– Біз өнімді жасаймыз және оған техникалық қолдау көрсетеміз. Жылдан жылға функциялар жетілдіріліп келеді. Жаңа технологиялар пайда болған сайын компания өз өнімдерін жаңарту немесе қайта өңдеу бойынша жұмыс істейді. Сондықтан тапсырыс берушіге қажет өнімін жасап беріп, жібере салмаймыз. Үздіксіз техникалық қолдау көрсету – жақсы IT-компанияның маңызды құрамдас бөлігі.
– Kazdream шетелдік нарықта қалай танымал болды?
– Kazdream отандық нарықта да, шетелдік нарықта да бірден таныла қоймады. Қазіргі жетістіктің артында қаншама еңбек, уақыт жатыр. Биыл компанияның құрылғанына 7 жыл болды.
2015 жылы ортақ мүддені көздеген шағын топ IT саласында өмірді қауіпсіз етуді армандап, Kazdream компаниясын құрды. Компанияның негізін қалаған Дәурен Төлебаев қазір компанияның СЕО қызметін атқарады. Алғашқы кеңсеміз кішкентай пәтерде орналасты. Бірнеше қызметкер ұзақ уақыт бойы ақпарат көздерінен мәліметтер жинап, белсенді жұмыс істеді. Осылайша, бір ғана идея, жалғыз жобадан басталған жұмыс жыл сайын өсіп, дамып, ауқымы кеңейе түсті.
2017 жылы бірнеше бөлімі бар, жұмысы жүйеленген ірі компанияға айналдық. Қызметкерлер саны 50 адамға жетті. Алғашқы тұтынушыларымыз да осы 2017 жылы пайда болды. Тұтынушылар тарапынан сұраныс өскен сайын біз қоғамға өзіміз ойлаған, көздеген мақсатымыздан да үлкен пайда әкеле алатынымызды түсіндік.
2020 жыл біздің IT-холдинг үшін табысты болды. Жобаларымыз үлкен жетістікке жетіп, шетелдік нарыққа шықты. Бұл жыл бізге жаңа департаменттер қалыптастыруға қолайлы болды.
Қазір Kazdream – ақпараттық қауіпсіздік, телекоммуникация және байланыс, мемлекеттік шекараны қорғау, құқық қорғау органдарына арналған арнайы бағыттар бойынша жұмыс істейтін ірі IT-холдинг.
Қазір өнімдерімізді Қытай мен БАӘ елдеріне экспорттаймыз. Аз уақытта халықаралық ІТ-нарықты қамту жоспарда бар.
– Білуімізше, компания осы күнге дейін 35 жобамен айналысып, 20-дан астам ІТ-өнім жасаған екен…
– Компания өте ауқымды, жобалар да түрлі бағытта. Атап айтсақ, ІТ-холдинг қызметкерлері жақында ғана AiMap Telegram-ботын жасады. Жоба суицид, депрессия, зорлық-зомбылық пен лудоманияны насихаттайтын топтардан сақтануға көмектеседі.
Q-gate жобасы әуежайдағы кедендік бақылаудан өту уақытын бес есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Себебі Q-gate мультибтометриялық терминалы байланыссыз, сканер арқылы жұмыс істейді. Beyne.ai фото мен видео материалдардағы беттің биометриялық деректері бойынша адамды тану және сәйкестендіру қызметін көрсетеді.
Speech Lab командасы қазақ тілін түсінетін және қазақша сөйлейтін дыбыс ассистентін жасау үшін ізденіп жатыр. Болашақта бұл жоба Siri мен Алисаның қазақша нұсқасы болады деген үміттеміз.
Біздің PR-департамент холдинг қызметін ілгерілетумен және жасалған жобалар туралы ақпаратты халыққа жеткізумен айналысады.
– Kazdream technologies ІТ-холдингі Орталық Азияның жетекші IT әзірлеушілерінің топ-5 құрамына кірді. Бұл рейтинг қандай критерий бойынша жасалды?
– Kursiv Research зерттеулеріне сәйкес, Kazdream technologies ІТ-холдингі 2021 жылғы салық аударымдары бойынша үздік 5 компанияның қатарына кірді. Мұндай дерек компания үшін үлкен жетістік болды. Жылдар бойғы еңбектің ақталғанының белгісі еді. Бұл деректі ресми түрде растайтын сертификат немесе құжат берілмейді, бірақ зерттеу нәтижесі компания қызметкерлері үшін мотивация болды.
Біздің компания – Қазақстан мен Орталық Азиядағы IT саласындағы ең ірі компаниялардың бірі. Ақпараттық технологияларға маманданған отандық компаниялар Kazdream-ді нарықтағы үздіктердің бірі деп таниды. Себебі ІТ-холдинг барлық бағдарламалау тілінде және Қазақстандағы барлық дерлік мәліметтер базасымен жұмыс істейді.
– Қазір компанияда қанша қызметкер бар? IT-холдингте жұмыс істегісі келетін мамандарға қандай талаптар қойылады?
– Бүгінге дейін холдингте 40-тан астам жоба әзірленді, ал компанияда 450-ден астам адам жұмыс істейді. Қызметкерлерге қойылатын талаптар бос орынға байланысты белгіленеді. Мамандық бойынша жақсы базалық біліміне, сонымен бірге қосымша даму курстарына (сертификаттар, мастер-кластар, pet-жобалар) назар аударамыз. Рекрутерлер техникалық дағдыларға ғана емес, сонымен қатар soft дағдыларға да назар аударады. Жобаға қызығушылық танытуы, командада жұмыс істей алу қабілеті, сыпайылық, белсенділік те маңызды.
Командаға кіру үшін бірнеше кезеңнен өту керек:
1) телефон немесе видеосұхбат;
2) техникалық маманмен сұхбат/техникалық тапсырма;
3) жоба жетекшісімен соңғы сұхбат.
– Сіздің ойыңызша, отандық нарықты IT-өнімдермен қамтамасыз етудің негізгі проблемалары және оларды шешудің тиімді әдісі қандай?
– Меніңше, біздің ел цифрландырудың қажет екеніне әлі де толық көз жеткізе қоймады. Біз ескі әдістермен жұмыс істеуге үйреніп қалғанбыз, ал шын мәнінде IT-технологиялар кез келген процесті едәуір жеңілдетіп, тапсырмаларды оңай орындай алады. Мысалы, адамдардың көбі, соның ішінде полиция қызметкерлері жолдарда интеллектуал видеобақылау жүйелерін орнатуға күмәнмен қарады. Кейіннен механизмнің жұмыс істейтінін түсінді: жол ережелерін бұзу, айыппұл деректері азайды.
Осындай кейстерді зерттей келе еліміздегі басты проблема – цифрлық технологияларға қажеттілікті түсінбеу және сенімсіздік таныту деуге болады.
– Kazdream IT холдингінің академиясы немен айналысады?
– Kazdream академиясы 2019 жылы ашылды. Kazdream academy ішкі сарапшылармен бірге қызметкерлері үшін hard және soft дағдылары бойынша курстар әзірлейді және оқытуды ұйымдастырады. Қатысушыларға ешқандай шектеу жоқ. Кез келген адам ішкі курстардан өте алады. Кейбір күрделі курстар белгілі бір дағдыларды қажет етеді. Барлық курс тегін.
Қазір мына бағыттар бойынша курстар бар:
- Тәлімгерлік.
- Ағылшын тілін оқыту (әртүрлі деңгейдегі курстар, IELTS, Speaking, Reading және Movie Club).
- Әртүрлі мамандық бойынша курстар.
- Комьюнити-топтар (CyberSec, UX/UI, PM).
- Қызығушылықтары бойынша кітаптары бар корпоратив кітапхана.
Оқушылар мен студенттердің қызығушылығын анықтауға мектеп пен университеттермен келіссөздер жүргіземіз. Nazarbayev University және Astana IT University студенттеріне холдинг мамандары мастер-кластар өткізіп, тегін дәріс оқиды. Шәкірттер арасында холдингтің болашақ қызметкерлері болуы мүмкін.
– Холдинг қайырымдылыққа да көңіл бөледі екен…
– ІТ-компания — қазір нарықтағы ең табысты сала. Қызмет барысында бізге көмек сұрап хат жазғандар көп болды. Көмекке мұқтаж адамдардың тарихын естіген соң бұл істен шет қала алмадық. 2020 жылы біз онкологиялық науқастарға және басқа да ауыр сырқаттары бар адамдарға көмек көрсету үшін «+1» қайырымдылық қорын құрдық.
Қамқорлыққа алынғандарға диагностика, дәрі-дәрмек, Қазақстанда және шетелде емделу ақысын төлеп береміз. Жас санатына шектеу жоқ: балаларға, ересектерге және қарттарға көмектесеміз. Қауіпті ауруға тап болған пациенттерге паллиатив көмек береміз.
– Kazdream IT холдингі 7 жылда алға қойған міндетін толық орындай алды ма? Қандай жоспар бар?
– Компанияның пайда болуы ақпараттық технологиялардың қоғамға белсенді ену кезеңіне тура келді. Сондықтан біздің компанияның тарихы елдегі цифрландыру кезеңімен тығыз байланысты.
Жалпы компанияның мақсаты – қоғам мен мемлекетке пайдалы өнімдер жасау. Қызметімізді құқық қорғау органдары үшін есеп жүйесін құрудан бастадық. Деректерді байыту үшін OSINT технологиялары зерттелді, кейінірек Lawful Interception зерттеуіне көштік. Өнімдерімізді техникалық тұрғыдан мықты етіп дайындау үшін үнемі нарықты зерттеуіміз керек. Деректер жинай отырып, оларды визуалдай білу және талдау жүргізу қажет, сондықтан бүгін біз big data, машиналық оқыту және жасанды интеллект бағытын игеруге күш салып жатырмыз.
Қазақстандағы IT-компаниялар бізді мойындады, сондықтан біздің келесі міндетіміз – компанияны халықаралық нарыққа шығару. Осы бағытта түрлі зерттеу жүргіздік. Қазір дамудың жаңа векторын құрып жатырмыз. Енді экспортқа баса назар аударамыз.