Басты бетҚоғамШымкенттегі жарылыстан...

Шымкенттегі жарылыстан қаза болғандар саны үшеу болды

Өкінішке қарай, 1979 жылы туған күзетші Б., 1980 жылы туған жұмысшы Ш. және 18 күн бұрын туған бір сәби қайғылы оқиғаның құрбаны болды. Тағы 8 адам зардап шекті, олардың барлығы қаланың медицина мекемелеріне жатқызылды, — делінген ведомство таратқан хабарламада.

Оқиға кезінде перинатал орталықта 189 науқас пен 65 қызметкер болған. Олардың барлығы Шымкенттің басқа медицина ұйымдарына ауыстырылған. Қазір зардап шеккендерге психологтар көмектесіп жатыр.

Зардап шеккендерге А.Сызғанов атындағы ҰҒХО дәрігерлері кеңес беріп жатыр. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасын уақытша өңірлендіру туралы тиісті бұйрық дайындалып, өңір әкімінің орынбасары бастаған облыстық клиникалық ауруханада жұмыс штабы құрылды. Жағдай ҚР денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында тұр, оқиға орнына ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің басшысы барды, — деп хабарлады министрлік.

Еске салайық, бүгін, 21 мамырда Шымкенттегі перзентхана маңындағы дәріханада жарылыс болды. Әзірше толық емес мәлімет бойынша жарылысқа газдың жиналуы себеп болған.

Полиция оқиға бойынша «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы (292-бап, 2-бөлім) бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бұған дейін жарылыс салдарынан жаңа туған сәби мен 1979 жылы туған күзетшінің қаза болғанын хабарлаған едік.