Тоқаев: Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 25 миллиард долларға жетті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл туралы Борт N1 Telegram-арнасы хабарлады. 

Екі ел басшылары ҰҚШҰ-ның мерейтойлық саммиті аяқталғаннан кейін кездескен.

Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелері, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастық саласы мен алдағы іс-шаралар кестесі талқыланды, — делінген хабарламада.

Президенттер екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сонымен қатар сауда-экономикалық саладағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын талқылады.

Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және саяси ықпалдастықтың қарқыны нашар деуге еш негіз жоқ. Тауар айналымы 25 миллиард долларға жетті. Ресей – Қазақстан үшін сауда-экономикалық саладағы басты серіктес. Осы себепті, мен, үкіметімізге осы қарқынды және сауда мен инвестициялар көлемін сақтап қана қоймай, қазіргі геосаяси жағдайдағы барлық қиындықтарға қарамастан оларды арттыру жөнінде міндет жүктеймін. Мен өзіммен бірге осы салаға жауапты премьер-министрдің бірінші орынбасары бастаған үкіметтің негізгі шенеуніктерін ала келдім. Олар табысты келіссөздер жүргізді және нақты нәтижеге қол жеткізу үшін олардың алдына Федерациясының үкіметімен іскерлік бағытта жұмыс істеу міндеті қойылды және олар нәтижелі келлісөз өткізді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті бүгінде машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі сияқты салаларда жалпы құны 4 миллиард доллар болатын 20 ірі жобаның әртүрлі сатыда жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Ресей президенті өз кезегінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың оң қарқынын атап өтті.

Жалпы бізде барлық сала жақсы дамып келеді. Былтыр тауар айналымының өсімі 34 пайыз болды. Ресей компаниялары Қазақстан экономикасына 17 миллиард доллар инвестиция салды. Бәрімізге түсінікті әрі белгілі қазіргі қиыншылықтарға қарамастан, жағдай жақсы дамып жатыр, — деді Владимир Путин.

Тараптар күн тәртібіндегі екіжақты кешенді экономикалық мәселелердің бәрін биыл күзде Орынборда өткізуге жоспарланған аймақаралық форумда талқылауға уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруы бойынша биылғы маусымда Петербургте өтетін экономикалық форумға қатысатынын нақтылады. Сонымен қатар Қазақстанның үкіметтік делегациясы Екатеринбургте өтетін ірі өнеркәсіптік көрмеге қатысуды жоспарлап отыр.

Еске салайық, кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 30 жыл және ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай өткен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысқан болатын.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз