Google тағылымдамасы жайлы

Шынымды айтсам, Google-да жұмыс істеймін деп ойлаған да, армандаған да емеспін. Жай ғана Google сайтында internship (тағылымдама) позициясы бойынша бос орын бар екенін көрдім де, тапсырдым. Дегенмен Google-ға ғана емес, басқа бірнеше компанияға түйіндеме жібердім. Google рекрутерінен «Таңдауымыз сізге түсіп отыр, бізге әңгімелесуге келе аласыз ба?» дейтін хат келгенде қатты таңдандым. Өйткені мұның алдында шағын компаниялардың да әңгімелесуінен өтіп көрмеп едім. Сол себепті қатты қобалжыдым, сұхбаттасуды көп уайымдадым. Кейін «бәрібір өтпеймін ғой», «тек тәжірибе үшін барып көремін» деген ой болды.

Бұл менің өмірімдегі ең алғашқы техникалық сұхбат болды. Интервьюер маған өз салама қатысты да, қатысты емес те әртүрлі сұрақ қойған еді. Сұхбаттасу кезінде жауап бере алмай, кідіріп қалған сәттер де болды. Сол кезде «Бітті, әрі қарай өтпеймін» деп ойладым. Осыдан кейін де өзімді еркін ұстаған шығармын, нәтижесінде әңгімелесу сәтті болды. Кейін интервью жасаған бас инженер бұл өміріндегі ең жақсы әңгімелесу болғанын айтты.

Тағылымдама ұзақтығы мамандығыңыз мен командаңызға байланысты. Әдетте hardware, electrical engineering бағытындағы тағылымдамалар алты айға созылады. Менің тағылымдамам 2019 жылғы тамызда басталып,  желтоқсанда бітті, шамамен төрт айдай болды. Өйткені оқуымды жалғастыруға тура келді.

Дарья Михайленко
Дарья Михайленко. Фото жеке архивінен

Google-ға қалай жұмысқа тұрды?

Google-дан жұмысқа шақырту 2020 жылы келді, бірақ бұл ұзақ уақытқа созылды. Негізі жұмыс берушілердің дәл сіздің түйіндемеңізді байқауы қиын. Өйткені күн сайын оларға өте көп түйіндеме келеді. Әуелі өз мамандығым бойынша компаниялардың тізімін жасап алдым, сосын бәріне түйіндемені тапсырып шықтым. Шамамен жиырдан астам компания болды, соның ішінде Google корпорациясы да бар. Ешқайсынан жауап келмеді. Бұл, әрине, көңілімді түсірді. Алайда бұл — жұмыс іздеу кезінде болатын қалыпты нәрсе.

Мұндай кезде көп компанияға түйіндемеңізді жібере бергеніңіз дұрыс, мұны carpet bombing деп те атайды. Компанияларға резюме жіберсеңіз, ішінен 10-20%-і ғана жауап береді. Сондықтан неғұрлым көбірек тапсыра беруіңіз қажет. Өзім солай істедім. Нәтижесінде маған үш ай өткен соң Google және ARM дейтін компаниялардан ғана жауап берді, мен алғашқысын таңдадым.

Google-дың техникалық әңгімелесуі туралы

Техникалық сұхбатқа келсек, software engineer үшін бәрі түсінікті деп ойлаймын. Себебі бұл позицияға дайындалатын материалдар, сайттар көп. Ал hardware engineer лауазымы үшін сұхбаттасуда қандай сұрақ қойылатынын, не сұрайтынын білмедім. Тіпті бұл жайлы ақпарат табудың өзі қиын. Сондықтан осы салаға қатысты қандай курс өттім, бәрін бір қайталап шықтым. Рекрутер түйіндемеде көрсеткен курстар жайлы сұрақтар қойды. Дайындалғанымның арқасында әңгімелесу кезінде не деп жауап беретінімді біліп отырдым. Сонымен бірге бұл жолы мен бұған дейін тағылымдамдан өткен командаға жұмысқа тұрдым. Сондықтан сұрақтар оңай болды, өйткені жобаның егжей-тегжейін, қалай жұмыс істейтінін білемін.

Әдетте Google-ға жұмысқа тұру үшін төрт әңгімелесуден өтуіңіз керек, оның үшеуі техникалық, ал біреуі googliness, яғни психологиялық сұхбаттасу болады. Өзім бұған дейін бұл компанияның тағылымдамасынан өттім, сол себепті тек екі рет әңгімелестік.

Дарья Михайленко
Дарья Михайленко Google кеңселерінің бірінде. Фото жеке архивінен

Google — алғашқы жұмыс орным

Google-ға дейін еш жерде жұмыс істемедім, өйткені оқуым болды. Бұл — менің ең алғашқы жұмыс орным. Қазіргі уақытта Google-дың штаб пәтерінде silicon engineer болып жұмыс істеймін, мұнда жұмыс істеп жүргеніме 1,5 жылдан асты. Біз қазір гибрид форматында жұмыс істейміз. Аптасына 3 күн — сейсенбіде, сәрсенбіде және бейсенбіде кеңсеге келуге міндеттіміз.

Қазір маған LinkedIn-нен жұмыс ұсынатындар көп, тіпті екі есе көп ақша төлейміз деп шақырады. Ал Google-ға дейін, жоғары оқу орнын енді ғана бітіргенде жұмыс табу өте қиын еді.

Silicon engineer не істейді?

Мен Америкаға келмей тұрып, silicon engineer деген позицияның бар екенін тіпті біз hardware өнімдерімен жұмыс жасайтынымызды білмедім. Бұл — АҚШ, Корея және Қытайда дамыған ауқымда сала.  Silicon engineer чиптермен жұмыс істейді, ал чиптер кремнийден (силикон) жасалған. Өзім Pixel смартфонның «миы» мен «жүрегінің» ролін атқаратын осы чиптерді жасаумен айналысамын. Былтыр біз Google тарихында тұңғыш рет Pixel телефонына өзіміз жасаған чиптерді орнаттық. Бұған дейін чиптерді өзге компаниядан сатып алатын. Бұл біз үшін үлкен жетістік болды. Осы жетістігіміз үшін бізге компания Google Tensor деп аталатын плата берді. Бұл компания үшін тарихи сәт болды. Мен осы тарихтың іске асуына үлес қосқан адамдардың қатарында болдым, сол кезде өте қатты қуандым.

Фото Дарья Михайленконың жеке архивінен

Біз чиптермен қоса, өнімнің қуатын талдаймыз. Оның моделін жасаймыз. Тәжірибелер арқылы нақты қанша энергия тұтынады және қанша энергия жұмсайтынын анықтаймыз. Неғұрлым энергияны аз қажет ететіндей жасауға тырысамыз.

Google-ға қалай жұмысқа тұруға болады?

  • Қандай позицияға тапсыратыныңызды нақты білуіңіз керек. Себебі FAANG компаниялар тек үш лауазымға ғана тапсыруға мүмкіндік береді, өтпей қалсаңыз, онда келесі жылы ғана мүмкіндік болады;
  • Өзім бұл компанияға ешқандай таныссыз, reference-сіз орналастым. Сіздің ТОП компанияларда жұмыс істейтін таныстарыңыз болса, олардан reference алуыңыз керек. Сол кезде жұмысқа орналасу бойынша мүмкіндігіңіз көбейеді. Reference — бұл ұсынымхат, бізде оған арналған сайт бар, сізді ұсынатын адам өзіңіз жайлы ақпараттың бәрін сол жерге жазады. Кандидатураңыз қызықтырса, электрон поштаңызға хат келеді, сол кезде өзіңіз қалаған үш позицияны таңдай аласыз. Әрі қарай интервьюлер болады, одан өту немесе өтпеу өзіңізге байланысты. Кремний алқабында танысыңыздың болуы өте маңызды. Сондықтан мұндағы адамдар нетуоркингті дамытуға тырысады;
  • ІТ-компаниялардың сайттарын жиі қарап тұруға кеңес беремін. Google сайтында internship және тағы басқа позиция бойынша да жиі бос орындар ашылып тұрады. Оған кез келген уақытта тапсыра аласыз.

Қания Табыс