Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер өсті

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер мөлшері 5%, 2022 жылғы 1 сәуірден бастап қосымша 4% өсті. Төлемдердің жиынтық мөлшері өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 9% артты.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдерді әлеуметтік сақтандыру жүйесінің жұмыс істейтін қатысушылары базалық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша алады.

Мәселен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді 81,6 мың адам алады. Егер мүгедектігі бойынша бюджеттен төленетін жәрдемақылардың орташа мөлшері 54 608 теңге болса, онда МӘСҚ төлемдерін ескере отырып, азаматтар барлығы 84 353 теңге алады,- делінген хабарламада.

Әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді 54,2 мың адам алады. Егер асыраушысынан айырылу бойынша бюджеттен төленетін жәрдемақылардың орташа мөлшері 45 627 теңге болса, онда МӘСҚ төлемдерін ескере отырып, азаматтар барлығы 76 443 теңге алады.

Осылайша жұмыс істейтін азаматтарға төленетін төлемдердің орташа мөлшері әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын алушыларға төленетін төлемдерге қарағанда шамамен 30 мың теңге жоғары.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жоғары мөлшердегі әлеуметтік төлемдер сәуір және мамыр айларындағы қосымша ақыны ескере отырып, осы жылдың маусым айында аударылады.