Басты бетЖаңалықтарҚарыз алушыға...

Қарыз алушыға арналған жадынама: кредит шартына қол қойғанға дейінгі бес қадам

2021 жылы қаржы реттеушісіне жеке және заңды тұлғалардың қаржы ұйымдарының, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың, коллекторлық агенттіктердің қызметіне қатысты 21,5 мыңнан аса өтініші келіп түсті.

Өтініштердің негізгі бөлігі – өтініштердің жалпы санының 70%-тен астамы бұрынғысынша банк секторына тиесілі. Азаматтар негізінен берешектерін қайта құрылымдау, кредиттер бойынша төлеу мерзімінің өтуі және банк секторындағы заңнамалық актілерді түсіндіріп беру мәселелерімен жүгінеді.

Егер қаржылық қызметтерді тұтынушылар жауаптырақ болып, кредит ресімдеу сияқты мәселеге саналы түрде, бәрін саралап қарайтын болса, өтініштер саны азайған болар еді.

Fingramota.kz кез келген шарттың, әсіресе кредит шартының талаптарын әрқашан да мұқият оқу қажеттігін еске салады. Әлеуетті қарыз алушылардың нақты неге көңіл аудару қажеттігін қадам-қадаммен  түсіндіріп берейік.

Әбден ойланып, өзіңіздің қаржылық жағдайыңызға талдау жасағаннан кейін кредит ресімдеуге бел будыңыз. Сіздің қаржылық жастығыңыз, басқаша айтқанда, резервтік қорыңыз бар, уақытша еңбекке жарамсыз болып қалғанның өзінде берешекті өтей алатыныңызға сенімдісіз. Сонымен кредиттік ұйымға бардыңыз, менеджерден танысу үшін шарт алдыңыз.

№1 қадам. Шарттың форматына және титул парағының болуына көңіл аударыңыз.

Шарт кредиттік ұйым мен қарыз алушы арасында жазбаша нысанда, мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалады. Бұл оған өз қолыңызды қоя отырып, сіз оның барлық талабымен автоматты түрде келісетініңізді және сізге жүктелген кредиттік міндеттемелерден құтыла алмайтындығыңызды білдіреді. Сондықтан да қарыз шартын жасамас бұрын ресімдеймін деп шешкен кредиттің негізгі талаптары туралы толық ақпарат алу маңызды.

Қарыз туралы негізгі ақпарат титул парағында болады. Ол қарыз шартына міндетті түрде қоса беріледі және шарттың ажырамас бөлігі болып табылады. Титул парағының форматы барлық кредиттік ұйым үшін бірдей.

Титул парағында мыналар болуға тиіс:

  • қарыздың сомасы мен мерзімі;
  • сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
  • өтеу әдісі және тәсілі;
  • шартта қарыз алушының негізгі борышты ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу құқығы болған кезде – осы құқықты іске асыру үшін қарыз алушының банкке тиісті өтінішпен жүгіну қажеттігі туралы ақпарат;
  • шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері;
  • қарыз алушының банкке банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алудың туындау себептері, кірістері және басқа да расталған жағдайлары (фактілері) туралы мәліметтер қамтылатын жазбаша өтініш беру құқығы туралы ақпарат.

Шарттың мәтіні титул парағынан кейін жазылады. Шарттың мәтіні А4 форматтағы парақта, мөлшері кемінде 12 (он екі) болатын «Times New Rоmаn» қарпімен, әдеттегі аралықпен және абзац азатжолдары қолданылып басып шығарылады.

№ 2 қадам. Шарттың жалпы талаптарын мұқият оқып шығыңыз және, егер бір нәрсе түсініксіз болса, оған қол қойғанға дейін менеджерден нақтылаңыз.

Шарттың жалпы талаптарында берілетін қарыз туралы мынадай негізгі ақпарат қамтылады:

— шарт жасалған күн;

— қарыздың сомасы мен мерзімі;

— қарыздың және шарттың қолданылу мерзімі;

— қарыз бен сыйақыны өтеу кезектілігі және тәртібі (тараптардың келісуі бойынша касса, терминал арқылы), кезеңділігі;

— егер кредит кепілді болса, онда кредиттік ұйымдар жалпы талаптарда қамтамасыз етуді көрсетуге тиіс;

— кредиттік ұйымның деректемелері;

— қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған кезде кредиттік ұйым қабылдайтын шаралар.

Кредиттік ұйым қарыз шартында жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) қандай болатынын көрсетуге міндетті. ЖТСМ – бұл ай сайынғы төлемдердің мөлшері және банктік қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты өзге комиссиялар қамтылатын барлық төлемнің жалпы сомасы.

2011 жылдан бастап банктік қарыздар мен микрокредиттердің барлық түрлері бойынша ЖТСМ бірыңғай болды және 56%-ті құрады. Бірақ агенттік басқармасының 2021 жылғы 15 наурыздағы қаулысының қабылдануына байланысты банктік қарыздар бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелері сараланған мөлшерлемелер болатын болды. Мәселен, кепілсіз банктік қарыздар және микрокредиттер (кепілді және кепілсіз) бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні 56%  деңгейінде сақталды. Кепілді банктік қарыздар бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні 56%-дан 40%-ға дейін төмендеді; ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні 56%-дан 25%-ға дейін төмендеді; 45 күнге дейінгі мерзімге және 50 АЕК дейінгі сомаға берілетін кепілді микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәні 30%-дан 20%-ға дейін төмендетілді.

 №3 қадам.  Қарызды өтеудің өзіңізге қолайлы әдісін анықтап алыңыз.

Кредиттік ұйым кредиттік ұйымның ішкі қағидаларына сәйкес сараланған, аннуитеттік немесе басқа әдісті ұсына алады.

Сараланған әдіс негізгі қарызды тең үлестермен өтеуді білдіреді. Ай сайынғы төлем ай сайын азайып отырады, себебі негізгі қарыз тең үлестермен өтеледі, ал пайыздар қарыздың қалдығына есептеледі. Егер сіз қарызыңызды мерзімінен бұрын өтеуді жоспарласаңыз, бұл тиімді әдіс.

Мысалы, сізге 29%-тік мөлшерлемемен 36 ай мерзімге 1,5 миллион теңгеге кредитті мақұлдады делік.  Бірінші айда төлем 77 916,67 теңгені, екінші айда – 76 909,72 теңгені, үшінші айда – 75 902,78 теңгені құрайтын болады және ары қарай азая береді. Соңғы айда ай сайынғы төлем 42 673,61 теңгені құрайтын болады.

Аннуитеттік әдіс бұл қарызды кредиттеудің бүкіл мерзіміне созылатын ай сайынғы тең төлемдермен өтеуді білдіреді. Берешекті өтеу қарыз алудың бүкіл мерзімі ішінде тең төлемдермен жүзеге асырылады. Негізгі қарыз бойынша төлемдер көбейе түседі, ал сыйақы бойынша төлемдер азая береді, яғни бастапқыда төлемдердің негізгі сомасы сыйақыны өтеуге кетеді.

Мәселен, алдында келтірілген деректерді алайық: жылдық 29% пайыздық мөлшерлемемен 36 айға 1,5 миллион теңгеге кредит ресімдедіңіз. Шарттың қолданыс мерзімінің соңына дейін ай сайынғы төлем 62 858,57 теңге құрайтын болады.

Өзге әдіс кредиттік ұйымның ішкі қағидаларына сәйкес мынадай болады.

Мысалы, сіз 29%-бен 1 жыл мерзімге 1 миллион теңге кредит ресімдедіңіз. Кредиттік ұйыммен келісім бойынша сізге қарызды мерзім соңында 1 290 000 теңге сомада сыйақымен бірге қайтару қажет болады.

№4 қадам.  Тараптардың жауапкершілігіне қатысты ақпаратты мұқият оқып, зерделеңіз. Кредитор алдындағы міндеттемелерді бұзған жағдайда шартта көрсетілген комиссиялар мен айыппұл санкцияларына ерекше назар аударыңыз.

Әдетте, кредиттік ұйымдарға шарт жасалған күнге белгіленген кредитке қызмет көрсету бойынша комиссиялар мен өзге де төлемдердің мөлшері мен есептеу тәртібін біржақты тәртіппен ұлғайту жағына қарай өзгертуге тыйым салынады. Банктерге жасалған шарт шеңберінде комиссиялардың және өзге де төлемдердің жаңа түрлерін біржақты тәртіппен енгізуге, сонымен қатар негізгі борышты бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты айға дейін мерзімге,  бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін алуға тыйым салынады.

Егер негізгі борышты немесе сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түссе және сыйақыны немесе негізгі борышты төлеу одан кейінгі жұмыс күні жүргізілсе, кредиттік ұйымдардың айыпақы немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін өндіріп алуға да құқығы жоқ.

Алайда кейде кредиттік ұйымдар шартты біржақты тәртіппен өзгерте алады. Заңнамаға және Қарыз шартын жасасу қағидаларына сәйкес кредиттік ұйымдардың шарт талаптарын біржақты тәртіппен, алайды қарыз алушы үшін оларды жақсарту жағына қарай ғана өзгерту құқығы көзделген. Басқа жағдайларда оларға шарттың талаптарын біржақты тәртіппен өзгертуге тыйым салынады!

Қарыз алушы үшін банктік қарыз шартының талаптарын жақсарту деп мыналар түсініледі:

  • банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге төлемдерді азайту жағына қарай өзгерту немесе толық жою;
  • айыпақыны (айыппұл, өсімпұл) азайту жағына қарай өзгерту немесе толық жою;
  • банктік қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;
  • банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және (немесе) бөліп төлеу;
  • қарыздың шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына ауыстыру кезінде шетел валютасымен берілген ипотекалық қарыз бойынша ақшалай міндеттемені азайту жағына қарай өзгерту.

Банктік қарыз шартында қарыз алушы үшін жақсарту талаптарының қосымша тізбесі көзделуі мүмкін.

Қарыз алушыға микрокредит беру туралы шарттың талаптарын жақсарту деп мыналар түсініледі:

  • айыпақыны (айыппұл, өсімпұл) азайту жағына қарай өзгерту немесе толық жою;
  • микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту.

Банктер мен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қарыз алушыға шарт талаптарын оларды шартта көзделген тәртіппен жақсарту жағына қарай өзгерту туралы хабарлауға міндетті. Сіз, қарыз алушы ретінде, шарт талаптарын жақсарту жағына қарай өзгерту туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік 14 күн ішінде кредиттік ұйымға жүгінетін болсаңыз, одан бас тартуға құқылысыз. Бас тарту тәртібі де шартта жазылуға тиіс.

№5 қадам. Кредит бойынша төлеу мерзімі өтіп кеткен жағдайда сіздің әрекеттеріңіздің алгоритмін менеджерден нақтылап сұрап алыңыз. 

Қазақстанда 2021 жылғы 1 қазаннан бастап кредиттік ұйымдардың қарыз алушы – жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режимі қолданылуда. Егер қарыз алушы өз міндеттемелерін орындамаса, онда кредиторлар туындаған төлемнің кешігуі туралы қарыз алушыны ол басталған сәттен бастап 20 күннің ішінде шартта көзделген тәсілмен және мерзімде:

  • шарт бойынша міндеттемені орындау бойынша төлеу мерзімін өткізіп алудың туындауы және хабарламада көрсетілген күні мерзімі өткен берешектің мөлшерін көрсете отырып, шарт бойынша төлемдер енгізу қажеттігі туралы;
  • қарыз алушы-жеке тұлғаның шарт бойынша банкке жүгіну құқығы;
  • қарыз алушының шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауының салдары туралы хабардар ету туралы хабарлауға міндетті.

Шартта, егер хабарлама шартта көзделген мынадай тәсілдердің бірімен қарыз алушыға жіберілсе, ол жеткізілген болып есептеледі деген талап та қамтылған:

  • шартта көрсетілген электрондық пошта мекенжайына;
  • шартта көрсетілген тұрғылықты жері бойынша, табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жіберілген болса, оның ішінде көрсетілген мекенжай бойынша тұратын қарыз алушының кәмелетке толған отбасы мүшелерінің бірі алған болса;
  • қарыз алушының хабарлама алғанын тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып.

Егер сізде банктік кредит бойынша мерзімі өткен берешек пайда болса, сіз өз міндеттемелеріңізді орындай алмасаңыз, онда ешбір жағдайда кредитордан жасырынып, сіз туралы ұмытып кетеді деп күтуге болмайды. Сіз мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде кредитті қайта құрылымдау үшін кредиторға жазбаша өтінішпен немесе шартта көрсетілген басқа тәсілмен хабарласуыңыз керек.

Өтінішіңізде мыналарды көрсету қажет:

  1. Өз міндеттемелеріңізді орындай алмау себебіңіз. Өзіңізде туындаған қиындықтарды растайтын қандайда бір құжаттардың қолда бар болуы маңызды.
  2. Міндеттемелерді орындау бойынша өзіңіздің нұсқаларыңыз. Сіз, мысалы, сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгертуді, төлемді кейінге қалдыруды, шарттың қолданылу мерзімін, өтеу әдісін өзгертуді, мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруді, айыпақыны (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) жоюды, өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды ескере отырып, жаңа төлем кестесін жасауды немесе кепіл мүлкін өзіңіздің сатуыңызды ұсына аласыз.

Егер кредитормен келісімге қол жеткізілмесе, онда сіз ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылысыз. Бір «бірақ» бар: сіз міндетті түрде банкке немесе МҚҰ-ға  өтінішпен жүгінгеніңізді  және өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмегенін растайтын дәлелдерді ұсынуыңыз қажет. Сондықтан да сіз банкке немесе МҚҰ-ға өз кредитіңізді қайта құрылымдау үшін берген барлық өтініштеріңізді сақтаңыз, кредиторыңыздың жазбаша жауабын жоғалтпаңыз.

Келіспеушіліктерді реттеу үшін сіз, қарыз алушы ретінде, қарыз алушы мен банктің ымыралы шешімге қол жеткізуіне ықпал ететін банк омбудсманына жүгіне аласыз.

Қазақстанда 2011 жылдан бері банк омбудсманы институты жұмыс істейді. Оның өкілеттіктері «ҚР банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жазылған және қызметі тегін көрсетіледі.

Кредит ресімдей отырып, сіз өзіңізге үлкен жауапкершілік артасыз! Мұны және егер сіз кредиттік шартқа қол қоймас бұрын оны зерделеуге мән бермесеңіз, туындауы мүмкін салдарларын да есте сақтауыңыз керек.

Мұқият болыңыз және қаржылық сауаттылығыңызды  Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!