Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті.
Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті айыптау бойынша қылмыстық іс материалдары қаралды. Осылайша сот айыптылар мен олардың қорғаушыларының ҚР қылмыстық іс жүргізу кодексінде орын алған бұзушылықтарды жою үшін қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы өтініштерін қанағаттандыру, қылмыстық істі тоқтату және Елжан Біртановқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуден бас тартуды қаулы етеді, — деді Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Ибрагим Әлкенов.
Басты сот отырысы 26 мамырда сағат 10:00-ға белгіленді.
Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевтің айыптауына қатысты негізгі сот отырысы жалпы тәртіппен ашық түрде өтеді. Сотталушыларға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалады. Яғни қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін үйқамақ мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды, — деді Ибрагим Әлкенов.