Алматыда 4 жасар бала шұңқырға құлап қайтыс болды

Шұңқыр кәріз сору станциясын салу үшін қазылған. Бірақ маңайы қоршалмай беті ашық тұрған,- дейді марқұмның жақындары.

Олар қайғылы жағдайға құдықтың құрылысына жауапты мекемені кінәлайды.

Қайғылы оқиға Алатау ауданындағы Қарасу шағын ауданында болған. Рамазан есімді кішкентай бала түскі мезгілде есік алдына ойнауға шыққан. Ойын баласы үйінің қасындағы шұңқырға тайып жығылыпты. Үлкендер көмекке келгенше, тұншығып қалған көрінеді.

Досым екеуміз көшеде кетіп бара жатқан едік. Баланың анасы айқайлап, көшеге жүгіріп шықты, біз баланы шығарып алдық. Бірақ сәл үлгермедік. Аман алып қалуға тырыссақ та, онымыздан түк шықпады, — дейді Қарасу шағын ауданының тұрғыны Савердин Мырзамов.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы болған жайтқа әлі сене алар емес. Олар шұңқырдың бетін жаппаған жауаптыларды жазғырып отыр.

Балақай есіктің алдында ойнап жүрген. Одан басқа 7 айлық қарындасы бар. Анасы сол 7 айлық баланы киіндірем дегенде бұл бала далаға шығып кеткен. 5-10 минутта болған жағдай. Бұл шұңқырдың ашық тұрғанына біраз болды. Құрылыс компанияларында ешқандай жауапкершілік жоқ. Ашық-шашық тастап кеткеннен кейін осындай жағдайға ұрынып отырмыз, — дейді марқұм Рамазанның әпкесі Әсел Ошақбаева.

Шұңқырды қазуды қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы тапсырған. Мердігер компанияны да солар жалдаған.

Кәріз сору станциясы жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес осы жерде орналасуы керек. Құрылыс қазба жұмыстары 25 сәуір күні басталған. Кейіннен жұмыс барысында жер асты сулары көп мөлшерде шаққандықтан кәріз сору станциясын орнату мүмкіншілігі болған жоқ, — деп түсіндірді су және газбен жабдықтау бөлімінің бас маманы Еркебұлан Іліпбаев.

Қазір қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Сот медициналық сараптама тағайындалды.