— Жоба қалай басталды? Connect-ed.kz пайда болуына не түрткі болды?

Гүлназ: — Басқа елде сабақ оқитын техникасы жоқ балаларға ноутбук таратылатынын естідік. Осыдан кейін қазақстандық балалардың жағдайын ойладық. Кейін Білім және ғылым министрлігі 300 мың балада ноутбук жоқ екенін хабарлады. Сорос-Қазақстан қоры коронавируспен күреске қатысты грант жариялаған екен, оған 500 мың доллар бөліпті. Біз сол байқауға қатысып, грант ұтып алдық. Қазылар оқушылардың білім алуы, жағдайы нашар отбасының балаларында компьютердің болуы маңызды деп білген болуы керек, бірнеше жобаның ішінен бізді таңдап, грант берді.

Команда жинадық. Алматы облысы Білім басқармасына хабарласып, қанша балада компьютер жоқ екенін сұрадық. Облыс бойынша 20 мың балаға гаджет жетіспейді екен. Гранттың ақшасы оның бәріне ноутбук алып беруге жетпейді. Тек 50 шақты оқушыға көмектесе алатынымызды айттық.

Содан ата-анасынан айырылып, туыстарының қамқорлығында қалған және мүгедектігі бар балаларды таңдап алдық. Оларға арнап, байқау ұйымдастырдық. Балалар «Оқудың менің өмірімдегі маңызы» деген тақырыпқа эссе жазуы керек болды. Қатысушылардың арасынан 58 оқушыны таңдап, жаңа ноутбуктар сыйладық.

Мұнан соң командамен Алматы облысының ғана емес, бүкіл Қазақстан балаларына көмектесуді ойладық. Сол уақытта Helpcenter.life деген серіктес таптық. Бұл жоба коронавирус салдарынан қиналып қалған адамдарға көмектесу мақсатында құрылған екен. Олар бізге гаджетке мұқтаж адамдарды іріктеп беретін болды. Кімге шынымен ноутбук керек екенін анықтап, құжаттарын тексерді. Дәл қазір осы ұйыммен жұмыс істеп жатырмыз.

Гүлназ Қорданова
Гүлназ Қорданова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Connect-ed.kz платформасының әу бастағы мақсаты – өзінде артық компьютері мен смартфоны бар адамды тауып, техниканы жөндеп, ішін тазалап, мұқтаждарға жіберу. «Грантты ұтып алып, соны жүзеге асырсақ, болды» деген жоспар о бастан жоқ. Жобаның өміршең болғанын, бүкіл Қазақстан оқушыларына көмектесуді қаладық. Сондықтан онлайн платформа аштық. Кез келген адам өзінде артық гаджет бар екенін хабарлап, оқушыларға көмектесе алады. Осыған дейін 150 оқушыға техника үлестірдік. Адамдар біз туралы көбіне әлеуметтік желіден, әсіресе, Instagram-нан біліп жатады. Жоба жайлы көбірек айтылғанын қалаймыз, жарнамаға мұқтажбыз.

Несібелі: — Ең басты мақсатымыз – Connect-ed.kz жобасының тұрақты болғаны. Ешқандай грантсыз да оқушылардың білім алуына көмектескіміз келеді. Осы мақсатта ең дұрыс шешім ретінде компаниялардан ескі техникаларды сұрастыра бастадық. Әдетте, халықаралық компаниялар техникаларын жаңартып отырады. Ал ескісі қоймада қалады немесе лақтырып тастайды. Біз компанияларға хат жазып, кездесіп, ескі компьютерлерді бізге беруін сұрай бастадық. Оларды жөндеу, тазалау, жеткізу жұмысын өз мойнымызға аламыз.

Несібелі Қожахметова
Несібелі Қожахметова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Үлкен компаниялардың қолданыстан шыққан техникасын сұрау сіздерге қай жағынан тиімді?

Несібелі: — Бельгияда компаниялардан ескі техниканы алып, оны мұқтаждарға тарататын Close the gap деген жоба бар. Компьютерге мұқтаж азаматтарға көмектесу үшін қолға алынған. Ал қазір өз елінің оқушыларын толық қамтып болып, жиналған техниканы Африкаға таситын дәрежеге жетті. Осы күні Бельгияның барлық компаниясы Close the gap-пен серіктес екен.

Бұл ұйым туралы естіп, өз жобамыздың да осы тектес үлкен командаға айналғанын қаладық. Close the gap осыған дейін миллиондаған компьютерді мұқтаждарға жеткізген екен. Біз олармен сөйлесіп  те көрдік. Идеямызды қолдады, кеңес алып отырамыз.

Қазір жергілікті компанияларға барынша хабарласып жатырмыз. Техника қоқыс полигонына кетсе, мұндай қадамның экологияға да әсер ететін айтамыз. Бір жақсысы, қазір бірқатар ұйым іс-әрекетінің табиғатқа зиян жағын қарастырады, экологияны ойлап, қалдықсыз жұмыс істеуге тырысады.

Алайда көп компания бұрынғы техникасын қайда жіберетінін, не істейтінін жоспарлап қойған. Тіпті кейбірі әр техникасына тыңғылықты қарайды, ешкімге бермейді. Ішінде мәліметтер бар деп, жойып тастайды. Сонымен бірге ескі компьютерлерін балалар үйіне өткізетін ұйымдар да бар екен. Арасында бізге көмектесіп, техникасын бергендер де болды. Олар тіпті компьютерді өзі тазалап, бүкіл қуаттағыш құралдарын түгелдеп берді.

Сұхбат
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Гүлназ: — Адамдарға ноутбук пен смартфонның ғұмыры 2-3 жыл ғана емес, оны жөндеп, мұқтаждарға берсек, одан да көп уақыт пайдалануға болатынын жеткізгіміз келеді. Өзің қолданбайтын кез келген дүниені сол бұйымға мұқтаж адамға беруге болады.

Қазір көбіне көпбалалы отбасыларға көмектесіп жүрміз. Себебі мұндай жанұяда 5-6 балаға бір смартфоннан келеді. Бұл жағдай олардың сапалы білім алуын тежейді. Қазақстанда өзіңе қажет емес затты мұқтаж жандарға беру аса дамымаған. Адамдар негізінен өзі пайдаланбайтын дүниені ауылдағы туыстарына беріп жатады. Бүгінге дейін 15 шақты адам ғана өз еркімен техникасын беріп кетті. Бұлай жұмыс істеген бізге тиімсіз. Сондықтан да үлкен компаниялармен келіссөз жүргізіп жатырмыз.

— Сіздердің платформадан «цифр теңсіздігі» деген сөзді оқыдым. Бұл қандай ұғым?

Несібелі: — Техниканы үлестіру жұмысы тек пандемияға байланып қалған жоқ. Цифр теңсіздігі деген ұғым бар. Ол адамның техника мен интернетті қолдануға тең құқылы екенін білдіреді. Пандемия біткенде оқушыларға компьютер керек болмайды деген нәрсе жоқ. Техника күннен күнге дамып жатыр. Бірде-бір маман компьютерсіз жұмыс істей алмайтын заманда өмір сүріп жатырмыз. Оқушыларда гаджет жоқ деп жүрміз, бұл проблема мұғалімдерге де қатысты. Сондықтан ең болмаса, бүкіл оқушының жартысын техникамен қамтығымыз келеді.

Гүлназ Қорданова мен Несібелі Қожахметова
Гүлназ Қорданова мен Несібелі Қожахметова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Гүлназ: — Цифр теңсіздігі пандемияға дейін де болды. Тек карантин мұндай проблеманың бар екенін еске салды. Бұл — дүниежүзінде бар ұғым. Ал Қазақстанда мұндай мәселе көбіне шалғай ауылдағы оқушыларға тән. Техника түгілі интернеті жоқ ауылдар бар. Өзіміз сол елдімекенге барып, интернетті орната алмайды екенбіз, онда техника үлестірейік деп шештік.

Мұқтаж отбасыларға ноутбук, планшет, смартфон таратып жүріп, олардың техниканы қолданудан қиналатынын байқадық. Бұл мәселеге де бейжай қарағымыз келмеді. Beyond Curriculum деген серіктестерімізбен балаларға техниканы, интернетті қалай қолдану керек екенін үйрететін сабақтар дайындадық. Оқытылатын дүние қарапайым: поштаны қалай ашу керек, күдікті сілтемені неге баспау керек және тағы басқа.

Beyond Curriculum қоғамдық қоры басында ауыл оқушыларына арнап, чатта сабақ өтетін. Бірақ кейін ауыл балаларында интернет үнемі бола бермейтінін немесе кейбірі WhatsApp Web-ті қалай қолданатынын білмейтінін ескеріп, сабақтың бәрін Youtube-ке жүктейтін болды. Енді балалар интернетті қалай қолдану керек екенін өзіне ыңғайлы уақытта үйрене алады. Әзірге 10 шақты видео бар. Біздің волонтерлар оқушыларға сол видеоны айтып, көрген-көрмегенін қадағалайды.

— Қазір командада қанша адам бар?

Несібелі: — Командада жалпы 6-7 адам, одан басқасы бізге ерікті ретінде көмектеседі. Мен Гүлназбен әлеуметтік желіде таныстым. Өзім білім саласында жұмыс істегендіктен бұл тақырыпқа бейжай қарай алмадым. Гүлназ бен Даниярдың идеясы ұнап, көмектесуді ұйғардым. Әрқайсымыздың мамандығымыз әртүрлі. Мысалы, мен көбіне компаниялармен келіссөз жүргіземін. Дегенмен негізгі жұмысымыз тоқтамады. Connect-ed.kz — бәріміздің қосымша алып жүрген, бос уақытымыздың бәрін арнайтын жобамыз.

Несібелі Қожахметова
Несібелі Қожахметова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Гүлназ: — Мемлекеттен кей оқушыға техника беріліп жатыр. Бірақ оны жазғы каникул кезінде қайта жинап алады. Ал біз берген техника сол үйдікі, баланікі болып қалады. Оқушылардың білім алуына біз ғана көмектесіп жатырмыз деуден аулақпыз. Пандемия кезінде қазақстандықтарға түрлі ұйым, қорлар жәрдемдесті. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Себебі техника тапшылығы, цифр теңсіздігі — бұрыннан бар мәселе.

Бір-бірлеп жинағаннан гөрі бізге бір компаниядан көп компьютер алып, соны бірнеше отбасыға жеткізген ыңғайлы. Айтпақшы, Connect-Ed басқа елдерде де ашылып жатыр. Олар біздің тәжірибемізге сүйеніп, өз елінің оқушыларына көмектесуді қолға алды.

— Елімізде техника жетпеуден бөлек онлайн оқуға қатысты тағы қандай проблеманы айта аласыздар?

Гүлназ: — Цифр теңсіздігі мәселесі көбірек қозғалуы керек. Қалада отырып, шалғай ауылдағы жағдайды біле бермейміз. «Бәрі өзіміз сияқты электрон поштаны қолдана алады, WhatsApp-тың мүмкіндігін пайдаланып жатыр» деп ойлаймыз. Бірақ жағдай біз ойлағандай емес. Адамның цифрлық сауаты төмен болуы оның білімін, мүмкіндігін шектейді. Өз компьютері, жеке бөлмесі бар қаланың оқушысы мен смартфонын 5-6 бауырымен бөлісетін ауыл баласын салыстыруға келмейді. Олардың болашағы әртүрлі болуы мүмкін. Бала отбасы мен өсетін ортаны өзі таңдамайды дейміз. Дегенмен әр бала жеткілікті деңгейде білім алуға, оған қажет техниканы қолдануға құқылы. Шаршап қалсақ, сылбыр қимылдай бастасақ, бір-бірімізді «Ауылдағы бала бізді күтіп қалады, сабағын оқи алмай қалады» деп жігерлендіреміз. Біздің мотивациямыз – осы.

Гүлназ Қорданова мен Несібелі Қожахметова
Гүлназ Қорданова мен Несібелі Қожахметова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Несібелі: — Әлеуметтік желіде біраз адам қызығып, бізде волонтер болғысы келетінін айтады. Барлығын жұмысқа тарта бермейміз, өзімізге қажет болғанда ғана басқа мамандардың көмегіне жүгінеміз. Дәл қазір IT және Data scienсe саласында жұмыс істей алатын, сосын ата-аналармен сөйлесіп отыратын адам керек. Демек үш вакансия бойынша адам іздейміз.

Жақында PISA деген тесттің қорытындысын көріп қалдым. Бұл тест адамдардың цифрлық сауатын анықтайды. Соның нәтижесі бойынша Батыс Қазақстан облысы мен Түркістан облысы ең аз көрсеткіштен сәл ғана жоғары балл алған. Бұл — осы өңірлердің халқында цифрлық сауат төмен деген сөз.

Гүлназ Қорданова мен Несібелі Қожахметова
Гүлназ Қорданова мен Несібелі Қожахметова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ірі мегаполис оқушылары жоғары балл алып, компьютерді шағып отырса, өңір оқушыларының жағдайы басқа. Дәл осылай жалғаса берсе, бұл екі облыстың оқушылары жоғары оқу орнына түсіп, мықты маман болудан қиналуы мүмкін. Себебі қазір оқитын, үйренетін нәрсенің бәрі компьютер мен смартфонда. Тестінің өзі онлайн өтеді. Сондықтан біз айтып отырған цифр теңсіздігі, техника жетіспеу және цифрлық сауат — көңіл бөлмеуге болмайтын мәселелер.