Комикс арқылы діни экстремизмнің қаупі түсіндіріледі

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, «MEIRMAN» атты комикс «Жусан» операциясы аясында елге оралған азаматтардың өмірі арқылы діни радикалды идеологияның қаншалықты қауіпті екенін түсіндіреді.

Комикс форматы кездейсоқ таңдалған жоқ. Оның мақсаты – өскелең ұрпақ арасында діни экстремизмге қарсы күрес жүргізу. Себебі экстремизмге төзбеуді мектеп қабырғасынан бастап дамыту қажет, — деп жазылған министрлік сайтында.

Хабарламаға сәйкес, профилактикалық контент әзірлеу кезінде министрлік жастар арасындағы трендтерді пайдалану арқылы аудиторияның сұранысын ескеруге тырысқан.

Комиксте Мейірман есімді баланың Сириядағы террористер белсенділігі артқан аймақта басынан өткізген қиындықтары туралы баяндалады. Мейірман өзінің табандылығы мен мықты рухының арқасында қиындықтар мен кедергілерді жеңе біліп, отбасымен қауышып, туған елі Қазақстанға қайта оралады да, өз жерінде ержетіп, беделді азаматқа айналады, — делінген хабарламада.

Оқиға соңында бас кейіпкер Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктері, соның ішінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың құндылығын атап көрсетеді. «MEIRMAN» комиксімен TikTok және Instagram әлеуметтік желілерінде, сонымен бірге интернет-порталдарда танысуға болады.