54 ауылда ауыз су іздестіру және барлау жұмыстары жүргізілмеген

Мемлекеттің ел азаматтарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі саясаты жақсы нәтижелер беріп отыр. Сонымен қатар шешімін таппаған бірқатар проблемалық мәселелер де бар. Бүгінге дейін орталықтандырылған су жүйесімен жабдықтау құрылысы жоспарланған 54 ауылда іздестіру және барлау жұмыстары жүргізілмеген. Атап айтқанда, Түркістан облысында — 30, Алматы облысында — 7, Батыс Қазақстан өңірінде — 5 және Жамбыл облысы бойынша 5 ауылда атқарылмаған. Халықтың көші-қонына байланысты 50 ауылдық елді мекенде су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарын жүргізу қажет, — деді министр.

Оның айтуынша, Алматы облысының Кеңдала ауылында халық пайдаланып жүрген су құбыры желісі 1969 жылы салынған, ауыл халқын ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін оны реконструкциялау қажет. Кейінгі бес жылда аталған ауылда халық саны 5,8 мыңнан 9,5 мың адамға дейін өсті.

Мұндай ауылдарда су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен шамамен 40 миллиард теңге қаражат қажет. Осыған байланысты аталған ауылдық елді мекендердің тұрғындарын сумен 100% қамту үшін әкімдіктер су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу керек, — деді Қайырбек Өскенбаев.