Тоқаев: Қазір геосаяси ахуал ушығып тұр

Ассамблея сессиясын Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткізу игі дәстүрге айналды. Мұның зор символдық мәні бар. Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезінді, — деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір қатерлі күндер артта қалғанын айтты.

Сол кезде қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз. Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасіретінен сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Алда көп жұмыс бар, — деді президент.

Оның айтуынша, қазір геосаяси ахуал ушығып тұр.

Жаңа сын-қатерлер пайда болып жатыр. Мұндай жағдайда еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтып, отаншылдық рухын көтеруге баса мән беруіміз керек. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.