Mad Men тобының мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты

Қазақстандық танымал Mad Men музыка тобының мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты. Тыңдаулар қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өтті.

Сот 2020 жылы қыркүйекте Х. есімді адам қылмыстық топ құрғанын анықтаған, топта алты адам болған.

Қылмыстық топтың басшысы Х. әрқайсына жұмыс бөліп берген. Ол мефедрон компонентін сатып алумен және клиенттермен келіссөз жүргізумен айналысқан. Басқалары Алматыдағы коттедждердің бірінде психотроптық затты дайындаған. Бағасы туралы ақпаратты арнайы сайттар мен чаттарда жариялап отырған. Қалғандары есірткілерді қаладағы қоғамдық орындарға жасырумен айналысқан, — деп хабарлады сотта.

2021 жылдың 14 сәуірінде топ мүшелерінің бірі М. заңсыз жасалған мефедронды алып, Алматыдағы көшелердің біріне жасырған. Сол күні жасырылған заттар табылып, оны полиция тәркіледі.

Сотта прокурор айыптауды қолдап, қылмыстық топтың басшысын 18 жылға, ал қалған қатысушыларды 17 жылдан 17,5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот үкімімен Х. ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету, аса ірі көлемде өткізу мақсатында психотроптық заттың аналогын заңсыз дайындау, сақтау, есірткіні электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы ұйымдасқан топтың құрамымен сату мақсатында сақтау қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған қатысушылардың үшеуіне 16 жыл, тағы біріне 15 жыл, 3 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — деп хабарлады қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Сотталушылардың жастары мен бұрын соттылығы жоқтығы жеңілдік түрінде танылды. Сонымен қатар сотталушы С-ның кінәсін ішінара мойындауы жеңілдететін мән-жай деп танылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 2021 жылы 21 мамырда қазақстандық танымал Mad Men тобының мүшелеріне ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған қатысты деген айып тағылған болатын. Күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынған еді.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз