Маңғыстауда итбалықтың қырылу себебі анықталып жатыр

Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 26 сәуірде теңіз жағалауының әр жерінен 22 өлі итбалық табылды.

«Қаражанбас» кен орнының су бөгеті аймағында итбалықтардың неден жаппай қырылғанын жұмыс тобы анықтайды. Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағы мен басқа да учаскелерге бақылау жасап жатыр. Зертханалық зерттеулер жүргізу үшін балық қорғау инспекторлары бірнеше итбалықтан, теңіз суы мен топырақтан сынама алды, — делінген облыстың экология департаменті таратқан ақпаратта.

итбалық
Фото: Маңғыстау облысы экология департаментінің баспасөз қызметі

Сынама Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті мен ветеринарлық қызметіне тапсырылады.

Сонымен қатар аталған факті туралы білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетінің «Микробиология және вирусология институты» зертханасының қызметкерлеріне, сонымен қатар «Гидробиология және экология институты» Батыс Қазақстан мекемесінің қызметкерлеріне хабардар етілді.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының Сам құмдарынан қоқиқаздардың өлігі табылды.