Бас прокуратура Талдықорғандағы бүлік қалай басталғанын айтты

Оның айтуынша, 4 қаңтарда екі азамат мүлікті жою және билікке қарсы күш қолдануды ұйымдастыруға алдын ала сөз байласқан. Соңғысы бұған дейін сотты болған.

5 қаңтарда бұл адамдар әлеуметтік желілер арқылы Талдықорғандағы шағын ауданда 400 адамды жинап, осы жерде оларға облыс әкімдігін басып алу үшін толық нұсқау берген. Содан ұйымдасқан топ орталық алаңға қарай жүріп, жол бойында тастармен және металл кесінділермен қаруланып алды. Агрессивті топ қолда бар құралдардың көмегімен полицияның қоршауын бұзып өтіп, облыс әкімдігінің ғимаратын өртеді, — деді Елдос Қилымжанов.

Бас прокуратураның мәліметінше, топ басшылары жазаға тартылмайтынын сезіп, тағы 500 адамды қосып алды. Одан кейін барлығы Талдықорған қалалық полиция басқармасының ғимаратын басып алуға аттанды.

Олардың қылмыстық әрекеттерінен полицияның ғимараты 80% жойылды, -деді Елдос Қилымжанов.