Басты бетЖаңалықтарЕліміздің оңтүстігінде...

Еліміздің оңтүстігінде бірнеше елді мекенді су басты

Бұл туралы Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

24 сәуірде Түркістан облысында қатты жауын-шашын салдарынан Қазығұрт ауданының 4 елді мекенінде және Сарыағаш ауданының 1 елді мекенінде 53 үйдің ауласына, 18 үйдің, 1 тойхананың, 16 шаруашылық құрылыстың ішіне су кірген. Су басқан аумақтардан 50 адам эвакуацияланып, барлығы туыстарының үйіне тарады. Сонымен қатар, үй жануарлары қырылған, саны анықталып жатыр, — делінген хабарламада.

Қазір тұрғын үйлердің аумағын су баспауы үшін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жаңбыр суын сору жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Аудандық өрт сөндіру бөлімі мен бекеттерінің, жергілікті ауыл әкімдіктерінің ұйымдастыруымен су сорғыштар көшелер мен үйдің аулаларына толған суды шығарумен айналысып жатыр, — делінген хабарламада.

Жұмысқа төтенше жағдайлар департаментінің 56 қызметкері, 9 техника, 11 мотопомпа және жергілікті атқарушы органдардың 19 қызметкері, 6 техника, 2 мотопомпа жұмылдырылған.

Сонымен қатар көшелерді, үйлердің ауласын су басу фактісіне байланысты аудан әкімдігінің жедел желісі іске қосылды.