ІІМ: 3 мыңнан астам қазақстандық қаржы пирамидаларынан зардап шекті

Қаржы пирамидаларына қатысты 65 қылмыстық істі ішкі істер органдары тергеп жатыр. Олардан 3 мыңнан астам қазақстандық зардап шеккен. 

Ішкі істер министрлігі тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов елімізде қылмыстың бұл түрі жыл сайын азайып келе жатқанын айтты.

Бүгінде ішкі істер органдарында осы санаттағы 65 қылмыстық іс бар, олардан 3 мыңнан аса адам зардап шеккен. Қабылданған шаралар нәтижесінде, оның ішінде сайттарды бұғаттау, ұйымдастырушыларды, филиалдарды, құрылымдық бөлімшелерді анықтау бойынша 180-нен астам қаржылық инвестициялық компаниялар мен фирмалардың қызметі тоқтатылды. 2021 және 2022 жылдары 138 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың 50 сотталды, қалғандарына қатысты сот талқылауы жүріп жатыр, — деді Санжар Әділов.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жалпы сомасы үш миллиард болатын жылжымалы және жылжымайтын мүлікке, жеке үйлерге, пәтерлерге, жер телімдеріне, көліктерге, жеке шотқа бұғат қойылды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қаржы пирамидаларының жетекшілері немесе ұйымдастырушыларының көбі шетелде немесе шетелдіктер.

Осыған байланысты біз халықаралық байланыс арналары арқылы конвенцияларда көзделген тәртіптер шеңберінде күдіктілердің тұрған жерін анықтаймыз, олардың активтері мен шетелдегі шоттарының, қылмыстық әрекеттер жасау нәтижесінде сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлкінің бар-жоғы тексеріледі, — деді Санжар Әділов.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз