Дүниежүзіндегі 120 елде шамамен 1,9 миллиард адам ислам дінін ұстанады. Оның ішінде 35 мемлекеттегі халық санының көп бөлігі мұсылмандар болса, Египет, Бірікке Араб Әмірліктері, Марокко, Кувейт, Иран, Ирак, Пәкістан сияқты 28 елде ислам мемлекеттік дін болып есептеледі. Өзге мемлекеттерде Рамазан айы қалай өтеді? Әр ел мұсылмандары ораза тұтудан басқан қандай ерекше салт-дәстүр мен рәсімі бар? Baribar.kz тілшісі шолу жасады. 

Индонезиядағы «падусан» рәсімі

Индонезия — дүниежүзіндегі ең көп мұсылман халқы бар мемлекет. Мұнда шамамен халықтың 87%-і ислам дінінің сүннит бағытын ұстанады. Индонезияда Рамазан айы басталғанға дейін мұсылмандар табиғи су қоймаларында шомылады екен. Бұл рәсім «падусан» деп аталады. Олар бұл арқылы адамның жаны мен денесі тазаратынына сенеді. Бұрын арнайы орындарды ақсақалдар таңдаса, қазір көбі жақын маңдағы көл, тіпті бассейн немесе үйдегі хауызда да шомылады.

Падусан — ислам діні мен явалықтар мәдениетінің қосындысынан пайда болған дәстүр. Себебі явалықтардың мәдениетінде су қоймаларының маңызы зор.

Рамазан
Фото: Аsiaplustj.info/

Түркиядағы дауылпазшылар

Осман империясы кезінен бастап Рамазан айында ораза ұстағандар таңертең көшедегі дауылпаздардың даусынан оянатын. Дауылпазшылар әдемі ұлттық киімдерін киіп, дауылпазбен қасиетті айды мадақтайтын дәстүрлі әндерді әуендетіп жүреді. Осылайша, олар мұсылмандарды сәресін ішуге, аузын бекітуге оятады екен.

Бұл дәстүр Түркияның ислам дінін ерекше ұстанатын аймақтарында әлі күнге дейін сақталған. Әр ауданның өз дауылпазшылары бар. Рамазан айында бұл құрметті қызмет болып есептеледі.

Жергілікті адамдар оларға алғыс ретінде азын-аулақ ақша береді немесе дастарханына қонаққа шақырады. 

Рамазан
Фото: Аsiaplustj.info/

Пәкістандағы «торғай оразасы»

Пәкістанда балаларға арналған «торғай оразасы» бар. Кішкентайлар таңертең отбасымен бірге оянады, асын ішіп, аузын бекітеді және шамасы келгенше ғана ораза ұстайды. Бала неғұрлым үлкен болса, соғұрлым оның оразасы ұзағырақ болады. Бала толық ораза ұстағанда ересектер оны осы жетістігімен құттықтап, естелікке сый тарту етеді.

Сонымен бірге таң намазына бір сағат қалғанда мешіттерден «тезірек тамақтаныңдар, ауыз бекітуге дейін бірнеше минут қалды» немесе «ауыз бекітетін уақыт болды» деп дауыстап, ескертіп отырады екен.

Оған қоса, Пәкістанда Рамазанда күндіз тамақ немесе су ішуге заңмен тыйым салынған. Оны бұзған жағдайда ай соңына дейін жергілікті абақтыда қамалып отыруыңыз мүмкін.

Рамазан
Фото: Islamdag

Малайзиядағы әсем шамдар

Малайзия халқы Рамазан айына екі апта бұрын дайындала бастайды. Әйелдер әдемі маталар іздеп, бұл айда ерекше әсем киінуге тырысады. Ерлер әйелдерімен бірге үй тазалап, безендірумен айналысады.

Бұл айда сауда орындары мен базарларда ең көп сатылатын зат — құрма мен күріш. Себебі малайзиялықтар таңертең тауық еті немесе сиыр еті, көкөніс қосылған кҮріш жеУді, ал ауызашарда құрма жеуді жөн көреді.

Ең қызығы — Рамазанның соңғы 10 күнінде Малайзиядағы үйлер мен оның айналасында керосин шамдары жарқырап тұрады. Тіпті кейде тұрғындар арасында «Ең әсем безендірілген үй» байқауы өтеді.

Айналаны шаммен безендіру — Мысырда да бар рәсім.

Рамазан
Фото: Лaodim.com

Мароккодағы «Рамазанның сүйікті күні»

Мароккода да Рамазанға алдын-ала дайындалады. Әйелдер ыдыс-аяқтың бәрін жуып, үйдің ішін тазалап шығады. Рамазан жақындағанда үйді безендіре бастайды. Ал азық-түлік сатып алу — ерлердің мойнында. Әйелдер бұл айда көбіне ұлттық сорпа — харираны пісіреді.

Мароккода Рамазан айының 15-күніне келетін «сүйікті Рамазан күні» бар. Бұл дәстүр Рамазан айын құрметтеу ниетінен туған. Бұл күні марокколықтар кешкі асқа қуырылған тауық немесе қоян етін пісіріп, дастархан басына жиналады, балаларына сыйлық береді. 15-күнді отбасы мүшелерімен өткізбеу «ұят» болып есептеледі.

Жергілікті тұрғындардың тағы бір ерекшелігі – Рамазан айының 27-күні ата-бабаларының, туған-туыстарының бейіттерін зиярат етеді, айналасын тазалайды.

Рамазан
Фото: Islamtoday

Ирактағы «майбес» ойыны

Ауызашардан соң Ирактың түкпір-түкпіріндегі аға буын өкілдері бас қосып, «майбес» ойынын ойнайды. Оған ерлер қатысады. Ойынның мәні мынада: 40-тан 250-ге дейін қатысушы екі топқа бөлінеді. Қатысушының бәрі жұдырығын түйіп, тізесіне қойып отыруы керек. Ал екі команда лидерлері қарсыластарға білдірмей, сақинаны топ мүшесінің бірінің қолына беруі керек. Қарсыластар сақинаның кімде екенін табуы қажет.

Бұрын бұл ойын Иракта өте танымал болған. Елдегі соғыс жағдайына байланысты оны ойнайтындар азайды.

Рамазан
Фото: Фото: Аsiaplustj.info

Ливандағы зеңбірек ату рәсімі

Таяу Шығыстағы елдің көбінде Рамазан айының әр күні күн батқан кезде оразаның аяқталуын белгілеу үшін зеңбіректер атылады. «Мидфа әл-ифтар» деп аталатын бұл дәстүр 200 жыл бұрын Осман губернаторы Хош Кадам басқарған Мысырда пайда болған деседі. Деректерге сәйкес, ол Рамазан айының бірінші күні күн батқанда өзіне берілген зеңбіректі сынақтан өткізіп, абайсызда атып жіберген. Бүкіл Каирде жаңғырған дыбыс сол күннен бастап оразаның аяқталуын белгілеудің жаңа тәсілі болып есептеліп кеткен.

Бұл тәжірибе Таяу Шығыстың көп еліне, соның ішінде Ливанға да тарады. Бірақ 1980 жылдардағы азаматтық соғыс кезінде мемлекетте зеңбіректер әскери қару ретінде есептеліп, әскерилерден де тартып алынды. Салдарынан бұл дәстүр жойыла жаздаған. Дегенмен кейінірек Ливан әскері өз қаруын қайтарып алып, дәстүр бүгінге дейін жалғасып жатыр екен.

Рамазан
Фото: Islamtoday

БАО-дағы жарапазан

Қазақстандағы жарапазан Біріккен Араб Әмірліктерінде «Хак аль-Лаила» деп аталады. Рамазанның 15-күні болғанда балалар әдемі киініп, көрші-қолаңның үйін аралап, ән салады. Көршілер оларға тәтті, дән-дақыл береді.

Фото: Uaetours.ru