Қаңтар оқиғасының салдарын жоюға бюджеттен 37 миллиард теңге бөлінеді

Бұл туралы мәжілісте 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын таныстырған қаржы вице-министрі Татьяна Савельева мәлімдеді.

Оның айтуынша, биыл президенттің тапсырмаларын іске асыруға қосымша 1,8 триллион теңге бөлінеді.

Қаңтар оқиғасының салдарын жоюға 37 миллиард теңге жұмсалады. Оның ішінде Алматыда және басқа өңірлерде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетуге 21 миллиард теңге бөлінеді, — деді Татьяна Савельева.

Жалпы ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, ШОБ-ты қолдауға қажеттілік 45 миллиард теңгені құраған. Бұған дейін үкімет резервінен 24 миллиард теңге бөлініп қойды.

Ал жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бүлінген әкімшілік, әлеуметтік және коммуналдық нысандарды, инфрақұрылымды қалпына келтіруге 10 миллиард теңге бөлінеді. Жалпы қажеттілік – 22 миллиард теңге, үкімет резервінен 12 миллиард теңге қарастырылды,- деді вице-министр.

Сонымен бірге Алматыдағы президент резиденциясы ғимаратын демонтаждауға 6 миллиард теңге қарастырылып отыр.