ТЖМ: Тасқын кезеңі басталғаннан бері 265 нысанды су басты

Атап айтқанда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында 185 тұрғын үй, 78 саяжай мен 2 әлеуметтік нысанды еріген қар суы басқан. Барлық жердегі су сорғытылды, Ақтөбе облысындағы 15 саяжай ғана бақылауда қалып тұр.

Осы облыстарда 1 165 адам эвакуацияланды. Оның 676-сы уақытша пункттерге, 480-і туыстарында орналастырылса, 9-ы үйлеріне оралды.

Қарағанды облысында республикалық маңызы бар автожолдардың 6 учаскесінде, Қарағанды және Ақмола облыстарында облыстық маңызы бар автожолдардың 6 учаскесінде, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарында жергілікті маңызы бар автожолдардың 18 учаскесінде және Ақтөбе облысында жергілікті маңызы бар автожол учаскесі — бір көпірде су тасып жатыр,- делінген хабарламада.

Фото: ТЖМ

ТЖМ ақпараты бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Қарағанды облыстары және Нұр-Сұлтанда жергілікті атқарушы органдар мен ТЖМ күштері 1 368 мың текше метр еріген қар суын сорғытқан. Түркістан облысынан басқаларының аумағында инертті материалдары бар 68 112 қап төселген. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында 250 шаршы метр өзен алқабында мұз кесілді.

Жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдардан, үкіметтік емес ұйымдардан 2 402 адам, 798 техника, 350 су айдау және 18 жүзу құралы жұмылдырылды,- делінген хабарламада.