Елімізде су тасқынынан 800-ге жуық тұрғын эвакуацияланды

Бұл туралы Аstanatv.kz хабарлады.

Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы жолдың бір бөлігін еріген қар суы шайып кетті. Салдарынан қозғалыс уақытша тоқтады. Ал Батыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында төтенше жағдай режимі әлі сақталады.

Ресми ақпарат бойынша, аймақта 113 тұрғын үй су астында қалған. Ақтөбе облысының Байғанин, Хобдин және Ойыл аудандарындағы жолдарды су шайып кеткен. Еріген қар суы салдарынан Алға мен Қандыағаштың арасындағы жол қатынасы жабылды.  Ақтөбенің шетіндегі елді мекендерде тағы 103 үйді су басты. Зардап шеккендер үшін бес эвакуациялық пункт ашылды. Қазір ол жерде 132 адам бар.

Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің мәліметінше, қазір су тасқынының шарықтау шегі болып тұр. Топырақ суық болып, суды сіңіріп үлгермей жатыр. Айтуларынша, тәулік ішінде құтқарушылар Ақтөбе мен көршілес Батыс Қазақстан облысының 800-ге жуық тұрғынын эвакуациялауға мәжбүр болған.

Облыста құтқару жұмыстарына 755 адам, 94 техника, 9 жүзу құралы, 31 мотопомпа, 2 тікұшақ тартылды. Мамандар жағалау сызығын нығайтып жатыр. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шот ашылды. Еріктілер ақша, дәрі-дәрмек, киім, азық-түлік қабылдайды. Өңірге ТЖ желісі бойынша бір жарым миллиард теңгеге жуық төлем қарастырылған, — деді ТЖМ вице-министрі Марат Күлдіков.