Республикалық бюджеттің шығысы 2,7 триллион теңгеге артты

Үкімет президент тапсырмаларына, макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты шығыстарға, сонымен қатар бұрын қабылданған шұғыл міндеттемелерді іске асыруға бюджеттен бөлінетін қосымша қаржыны нақтылады.

Аталған бағыттар бойынша бюджет шығыстары 2,7 триллион теңгеге ұлғайтылды, — деді Ерұлан Жамаубаев үкімет отырысында.

Оның айтуынша, бюджет шығыстары келесі көздер есебінен ұлғайтылды:

  • бюджеттің өз кірістері – 1,1 триллион теңге;
  • ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті ұлғайту — 1,6 триллион теңге.

Президенттің тапсырмаларын іске асыруға қосымша 1,8 триллион теңге бағытталады.

Бірінші. Халықтың табысын арттыру бойынша шараларды іске асыруға 197 миллиард теңге бөлінеді.

Осы қаражат аясында жастарды қолдау, өз бизнесін ашу үшін микрокредит беру, жалға алынған тұрғын үй үшін төлемнің бір бөлігін субсидиялау және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған басқа да маңызды іс-шаралар қамтамасыз етіледі, -деді министр.

Екінші. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары аясындағы шараларға 238 миллиард теңге көзделіп отыр.

Бұл ақша агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемін ұлғайтуға, ауыл шаруашылығындағы басқа да мәселелерді шешуге бағытталады.

Үшінші. Өңірлерді дамытуға 476 миллиард теңге қарастырылған.

Бұл шығыстардың негізгі бөлігі 271 миллиард теңге немесе 57% батыс және оңтүстік өңірлерді дамытуға жұмсалады.

Сонымен қатар, қосымша қаражат аясында инфляция дәлізінің өзгеруіне байланысты әлеуметтік төлемдерді индекстеуге арналған шығыстар көзделген. Бұл 110 миллиард теңгеден асады, — деді Ерұлан Жамаубаев.